Алматыда Бүкіләлемдік көкпар қауымдастығының конференциясы өтті. Жиында Ауғанстан, Венгрия, Грузия, Қытай Халық Республикасы, Моңғолия, Пәкістан, Ресей Федерациясы, Түркия, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Өзбекстан және Қазақстан елдерінің өкілдері бас қосты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жиында Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Нажмитдин Билал Ердоған құттықтау сөз сөйледі. Сондай-ақ әр мемлекеттің өкілдері өз жерлеріндегі көкпар ұлттық ойынының дамуы жайлы баяндама жасады.
"Көкпар ойыны бәрімізге ортақ. Кең байтақ Еуразия кеңістігінде ата-бабамыз осы ұлттық ойындарымызды сақтап келді. Осы атадан балаға мирас болған ұлттық ойынымызды одан әрмен дәріптеу ата-баба алдындағы, ұлтымыздың алдындағы асыл борышымыз деп білеміз. Осы тұрғыда ұлттық спорт қауымдастығы 20 жылдан аса жұмыс істеп келеді. Мемлекет тарапынан осы спорт түрлерінің дамуына қомақты қаржы бөліп, түрлі жарыстар ұйымдастырдық", - деді ҚР Туризм және спорт вице-министрі Сәрсен Құранбек.
Бүкіләлемдік көкпар қауымдастығының президенті Данияр Қобыландин "Астана – 2024" V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық аясында этноспорттың ұлттық және дәстүрлі түрлерін, көкпар ат спорты ойынын одан әрі дамыту және танымал ету жөніндегі шаралар туралы сөз етті.
"Біздің басты мақсатымыз бүкіл әлем бойынша көкпарды дамыту және көкпар ойынын Азияда ойындарының қатарына кіргізу. Осы мақсаттта жұмыс істеп жатырмыз. Әрбір спорттың әлемдік додаларға кіруі үшін арнайы шарттары бар. Жануарларды қорғау құқықтарының сақталуы, спортшылардың қауіпсіздігі мәселелері бүгінгі таңда өзекті. Сол себепті әр елдің өкілдерін шақырып, Алматыда бас қостық. Сондай-ақ әрбір елде көкпардың дамуына қауымдастық тарапынан үлес қосу мәселесі талқыланды" - дейді Данияр Қобыландин.
Сондай-ақ Данияр Қобландин Қазақстанда ұлттық спорттың қарыштап дамуы үшін футболға, хоккейге бөлінген секілді қомақты қаржы бөлу керек деп есептейді. Конференцияда ұлттық спорттың ортақ атауын қалыптастыру мәселесі де қозғалды. Себебі көкпар сөзі қырғыз тілінде "көк бөрү", “улак тартыш (тартуу)”, тәжік тілінде “бузкаши” деп аталады екен.
Айта кетейік, 2024 жылдың қыркүйегінде ұлттық және дәстүрлі спорт түрлерінен "Астана – 2024" V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Астана қаласында өтеді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!