Алғаш рет Қазақстанға қарсы ойнаған Роналду құрамадағы мансабын аяқтады

Алғаш рет Қазақстанға қарсы ойнаған Роналду құрамадағы мансабын аяқтады

Әйгілі футболшы Криштиану Роналду Португалия ұлттық құрамасындағы мансап жолын аяқтады, деп хабарлайды Massaget.kz.

Португалиялық жұлдыз әлеуметтік желіде бес минуттық бейнежазба жариялап, жанкүйерлеріне осы уақытқа дейін көрсеткен қолдауы мен сенімі үшін алғыс айтты.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Cristiano Ronaldo (@cristiano)

234 матч
Португалия құрамасында
146 гол
ұлттық құрама сапында
45 пас
нәтижелі пастар саны

41 жастағы Криштиану Роналду Португалия құрамасындағы алғашқы ойынын 18 жасында өткізген. Ол 2003 жылғы 20 тамызда Қазақстан құрамасына қарсы өткен жолдастық матчта (1:0) екінші таймда алаңға шыққан еді. Содан бергі аралықта ұлттық құрама сапында ең көп гол соққан футболшы ретінде тарихқа атын жазды.

Португалия сапында 234 матч өткізіп, 146 гол соқты, 45 нәтижелі пас берді.

2016 жылы Еуропа чемпионы атанып, УЕФА Ұлттар лигасын екі рет (2018/2019 және 2024/2025 маусымдарында) жеңіп алды.

41 жастағы форвард қазан айының басында Ұлттар лигасының матчі алдында құрамадан шумен кетіп қалған болатын, енді ол түпкілікті шешім қабылдағанын жеткізді.

«Мен бұл жейдені ешқашан тек өзімдікі деп санаған емеспін. Бірақ 23 жыл бойы оны кию, қорғау және бүкіл әлемдегі стадиондарға алып шығу мәртебесі мен жауапкершілігі маған бұйырды. Бүгін оны келесі ұрпаққа тапсыратын сәт келді. Бұл оңай шешім болған жоқ, өйткені кейбір шешімдер тек ақылмен емес, жүрекпен де қабылданады», – деді ол.

Криштиану мұндай қадамға баруының себебін ашып айтпады, алайда құрамадағы барлық әріптесі мен жанкүйеріне алғыс білдірді.

«Мен өмір бойы әлемдегі ең үздік футболшы болу үшін еңбек еттім. Бүгін мен ең үлкен жеңісім – әлемдегі ең керемет елдің намысын қорғау құқығына ие болғаным екенін түсінемін. Осы 23 жыл үшін рақмет. Маған сенгендеріңіз үшін рақмет.

Мадейрада доп соңынан жүгіріп жүрген бала кезімде басталған арманымды орындауға мүмкіндік бергендеріңіз үшін рақмет. Осы жейдені кигенімді мақтан тұтамын, бұл сезім мәңгі менімен бірге қалады. Португалия әрқашан жүрегімде», – деп түйіндеді Роналду өз жазбасын.
О. Сансызбай
Logotype Massaget