- Негізгі бет
- Спорт
- Әлем және Азия...
Әлем және Азия чемпионы бар! Қазақстандық ауыратлеттер допинг дауына ілікті
Қазақстандық 7 бірдей ауыр атлет допинг қолданды деген күдікпен жарыстардан шеттетілді. Олардың қатарында 2021 жылғы әлем чемпионы Арли Чонтей мен биыл ғана Чеджуде өткен Азия чемпионатында топ жарған Нұрғиса Әділетұлы бар.
2023 жылғы 18 мамырда Қазақстан Республикасының Ауыр атлетика федерациясына Қазақстан ұлттық допингке қарсы орталығынан ағымдағы жылдың 17 сәуірінде қабылданған жарыстан тыс допинг-бақылаудың нәтижелері туралы хабарлама келіп түскен. Нәтижесінде Арли Чонтей, Екатерина Алякина, Денис Полубояринов, Алина Колиушко, Алексей Чуркин және Нұрғиса Әділетұлының допинг сынамасынан тыйым салынған препараттар анықталған.
2023 жылғы 12 маусымда Қазақстан Республикасының Ауыр атлетика федерациясына Халықаралық тестілеу агенттігінен (ITA) Қазақстан Республикасы Ұлттық құрамасының спортшысы Артем Антроповтың да допинг-сынамасының оң нәтижелері туралы хабарлама келіп түскен. Бұл спортшыдан сынама Оңтүстік Кореяда өткен Азия чемпионатынан кейін алынған.
Бүгін спортшылар допингке қарсы ережелерді бұзу туралы хабарлама алды. Олардың әрқайсысы бойынша соңғы шешім толық тергеуден кейін қабылданады. Жоғарыда аталған спортшылардың барлығы спорттық іс-шаралар мен оқу-жаттығу жиындарынан уақытша шеттетілді, - деп хабарлайды ҚР ауыр атлетика федерациясы.
Федерация ақпараты бойынша қазіргі таңда допинг дауын тексеру үшін арнайы комиссия құрылған. Оның құрамына Қазақстан Республикасы мен өңірлердің ҚР ААФ өкілдері кірген. Тергеудің осы кезеңінде екі негізгі нұсқа қарастырылады: спорттық тағамдарды абайсызда пайдалану және спортшылардың допингті қасақана қолдануы. Тексеру үшін спортшылар дайындық кезеңінде қабылдаған тағамдары мен витаминдердің үлгілері алынды. Сондай-ақ «Б» үлгілерін қайта сараптамаға ашу жоспарлануда.
Федерация тергеуден басқа келесі шараларды қабылдаған. Уәкілетті органға ерлер мен әйелдер құрама командаларының бас жаттықтырушыларын қызметінен босату туралы өтініштер жолдаған. Федерацияның жаңа ұйымдық құрылымы кеңейтілді және бекітілген, сондай-ақ жаңа Бас хатшысы тағайындалғаны жайлы хабарлап отыр.
Жыл басынан бері 20-ға тарта ауыр атлет допинг дауына ілігіп, жарыстардан шеттетілген.
О. Сансызбай