Еркін күрес шебері Нұрқожа Қайпанов былтыр уәде етілген пәтер кілтін әлі алмағанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мән-жайы
Спорт журналисі Аслан Қаженовтің пікірінше, қазақ чемпиондарының еңсесі езілмеу керек. Ал спортшының өзі тек сертификат алғанын, пәтердің кілтін алмағанын, бұл іс созылып кеткенін жеткізді.
"Қазір бауырының үйін паналап, жаттығу үшін Талғардан Алматыға қатынайды. Масқара! Ұят! Федерациядан шұғыл жауап күтеміз және баспанасын беруді талап етеміз!" - деп жазды журналист бұған дейін.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Кейінірек спортшы бір жыл бойы күткен пәтерін алатыны белгілі болды. Нұрқожа Қайпановтың сөзінше, федерация жыл соңына дейін пәтер берілетінін айтқан.
Айта кетейік, 2024 жылы Нұрқожа Қайпанов Албанияның бас қаласы Тиранада еркін күрестен өткен әлем чемпионатында жеңімпаз атанды.
Желі қолданушыларының пікірі
Әлеуметтік желі қолданушылары бұл жағдайға наразылық білдіріп, ашық пікір жазған.
"Уәдені бұзған оңбас" дейді халық", "Ұят жағдай екен", "Уәде Құдайдың бір аты емес пе?! Күрес федерациясы, өте ұят жағдай", "Намыс қайда, не заман болып кетті?!", "Осыдан кейін спорт қалай дамиды?", "Министрлік қайда қарап отыр?" - деді олар.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова