Әлемнің екі дүркін чемпионы, қазақстандық Сәкен Бибосынов спорттағы еңбегі үшін ірі көлемде сыйақы мен жылқы сыйға алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазақстандық боксшы, әлемнің екі дүркін чемпионы және Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов әлеуметтік желідегі парақшасында салтанатты марапаттау рәсімінен бейнежазба жариялады. 2025 жылы спорттағы жетістіктері үшін белгілі спортшыға 2 миллион теңге көлеміндегі сертификат пен ақ жылқы тарту етілді.
Сәкен Бибосынов - Қазақстанның ең танымал әрі ең маңызды боксшыларының бірі. Оның басты жетістіктерінің қатарында 2020 жылы Токиода өткен Олимпиада ойындарының қола медалі бар.
Кейін ол 2021 жылы Белградта өткен әлем чемпионатында алтын медаль иеленсе, екінші алтынды 2025 жылы Дубайда өткен әлем чемпионатында (IBA нұсқасы бойынша) жеңіп алды. Сонымен қатар, Азия чемпионаттарында жүлделер алып, Қазақстан чемпионатында бірнеше рет топ жарған.
2025 жылы Бибосынов кәсіпқой бокста дебют жасап, нокаутпен және ұпай санымен жеңістерге жетті. Сонымен қатар, ұлттық құрама сапындағы өнерін де жалғастырып келеді.