Қазақстандық жеңілатлет Нора Джеруто Орегондағы әлем чемпионатында "алтын" алғаннан кейін алғаш рет пікір бөлісті, - деп хабарлайды Vesti.kz сайты.
Джеруто 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіруде бірінші орын алды. Ол қашықтықты 8:53,02-де жүріп өтіп, әлем чемпионаты рекордын орнатты. Сондай-ақ, ол маусымдағы ең жақсы нәтижесін жаңартқан.
"Старт алдында эфиопиялық әріптестерімнен қорыққан едім. Олардың әлеуетін білемін, олар да мен сияқты чемпиондар. Сондықтан олардан қорықтым. Жеңіске жету үшін барымды салдым. Бұл оңай болған жоқ.
Алда жүгіріп отыруды ұйғардым, жағдайды қашықтан бақылауды ұнатамын. Өйткені медаль үшін күресе алатыныма сенімді болғым келді.
Мен әкем мен анама, бапкеріме және бәсекелестеріме, сонымен қатар менеджерім мен әпкем Дэйзиге алғыс айтуым керек. Ол бұл қашықтықта финалға өте алмады, бірақ мен оған келесі чемпион сол болатынын айтқым келеді", - деп келтіреді Worldathletics Джерутоның сөзін.
Қазақстан жеңіл атлетикадан әлем чемпионаты тарихында алғаш рет алтын медаль алды
Еске салайық, Кенияның тумасы Джеруто Қазақстанға 2017 жылы көшіп келген. 2022 жылы ол әлем чемпионатында Қазақстан атынан шығуға ресми рұқсат алды.