Қазақстанның ерлер арасындағы жекелей сындағы бірінші ракеткасы Александр Бублик Уимблдондағы "Үлкен дулыға" санатындағы турнирдің жұптық сынының алғашқы айналымында өнер көрсетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ҚТФ-ға сілтеме жасап.
Қазақстандық теннисші аустралиялық Ник Кирьоспен жұп болып ойнады. Олардың жұбы ұйымдастырушылардан wild card (арнайы шақырту - еск.) алды. Алғашқы айналымдағы қарсыластары жарыстың алтыншы нөмірлі жұбы – сальвадорлық Марсело Аревало мен хорватиялық Мате Павич болды.
Кездесу екі сетке созылып, Александр Бублик пен Ник Кирьос 3:6, 4:6 есебімен жеңіліп қалды.
Теннисшілер кортта 55 минут өткізді. Осы уақыт ішінде Александр мен оның жұбы алты эйс жасап, бес қос қатеге жол берді және бір брейк-пойнт мүмкіндігін пайдалана алмады.
Осылайша, Александр Бублик Уимблдонның жұптық сынындағы жарысты алғашқы айналымда аяқтады. Дегенмен Қазақстанның бірінші ракеткасы жеке сындағы өнерін жалғастырып, үшінші айналымға шығу үшін күреседі.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова