Қазақстандық теннисші Александр Бублик Australian Open турниріндегі алғашқы матчінде америкалық Дженсон Бруксбиді жеңді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
1/64 финал аясындағы кездесу Мельбурнде өтті.
Бублик әлемнің 48-ракеткасы саналатын қарсыласын үш сетте 6:4, 6:4, 6:4 есебімен ұтты. Матч 2 сағат 7 минутқа созылды. Қазақстандық спортшы 13 эйс орындап, төрт қос қателікке жол берді.
Келесі айналымда Александр Венгрия өкілі Мартон Фучовичпен кездеседі. Матч 21 қаңтарда Қазақстан уақытымен 05:00-де өтеді.
Бұл - Александрдың әлемдік рейтингтің топ-10 ойыншысы мәртебесіндегі алғашқы турнирі.
Бұған дейін қазақстандық теннисші Гонконгта өткен ATP 250 сериялы турнирінде жеңімпаз атанып, финалда италиялық Лоренцо Музеттиден басым түскен еді.
Еске салайық, Аустралиядағы бұл турнир - жаңа маусымдағы "Үлкен дулыға" додаларының алғашқысы. Жарыстың ресми сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, әйелдер мен ерлер арасындағы чемпиондар 4 миллион 150 мың аустралиялық доллардан алады (яғни 2 793 365 АҚШ доллары немесе шамамен 1 426 000 000 теңге).
Өткен маусым аяғында қорытынды WTA турнирінде қазақстандық Елена Рыбакина жеңісі үшін 5 235 000 доллар (шамамен 2 675 000 000 теңге) тапқан болатын - бұл әйелдер теннисі тарихындағы рекорд сома ретінде аталды.
Australian Open турнирі 1 ақпанда аяқталады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз