Қазақстанның ерлер арасындағы жекелей сындағы бірінші ракеткасы Александр Бублик маусымдағы соңғы "Үлкен дулыға" турнирі - АҚШ ашық чемпионатын (US Open) жеңіспен бастады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ҚТФ-ға сілтеме жасап.
Әлемдік рейтингте 16-орында тұрған және турнирге 15-нөмірмен тіркелген қазақстандық теннисші бірінші айналымда дүниежүзілік рейтингтің 253-сатысындағы америкалық Джеффри Джон Вольфпен кездесті. АҚШ өкілі негізгі додаға ұйымдастырушылардың арнайы шақыртуымен (wild card) қатысты.
Төрт сетке созылған кездесу Александр Бубликтің жеңісімен (6:4, 6:2, 3:6, 6:1) аяқталды.
Теннисшілер кортта 2 сағат 15 минут өткізді. Осы уақыт ішінде Александр Бублик 18 эйс жасап, 10 қосарланған қатеге жол берді және сегіз брейк-пойнттың жетеуін сәтті пайдаланды.
Екінші айналымда қазақстандық теннисші аргентиналық Тьяго Агустино Тиранте және франциялық Адриан Маннарино арасындағы кездесу жеңімпазымен ойнайды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!