Маусым айының басы Алан Құрманғалиев үшін маңызды оқиғаларға толы болды. Қазақстан ұлттық құрамасының өкілі Швецияда өткен WTT Youth Contender турнирінде алтын медаль жеңіп қана қоймай, Францияның ең атақты клубтарының бірі GV Hennebont TT командасымен келісімшартқа қол қойды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ҰОК-қа сілтеме жасап.
Хельсингборгте (Швеция) өткен жарыста Алан Құрманғалиев U19 жас санатында алтын медаль иеленді. Ол турнир барысында Хьюго Джобсты (Швеция), Обада Таббахты (Швеция), Балаж Поорды (Мажарстан), Абхинандх Прадхивадхиді (Үндістан), Ян Мругаланы (Польша), Йохан Хавстинді (Дания) және Самуэль Михнуды (Польша) жеңді.
Енді спортшы мансабындағы жаңа кезеңге дайындалып жатыр. Алан Құрманғалиев Франция чемпионатының Pro A дивизионында өнер көрсететін "Хеннебон" клубымен келісімшартқа отырды.
ҰОК
"Хеннебон" клубы Франциядағы ең атақты командалардың қатарына кіреді. Команда бес рет ел чемпионы атанып, екі мәрте ETTU Cup Еуропа кубогының жеңімпазы болған.
"Келіссөз ұзаққа созылды деп айта алмаймын. Барлығы бір аптадан артық уақыт алды. Клуб қызығушылық танытты, сондықтан барлық мәселені тез талқылап, ортақ келісімге келдік. Келісімшарт бір жылға жасалды. Алғашқы ойындар биыл қыркүйектің ортасында өтеді. Сол уақытта маусым толыққанды басталады", - деді спортшы.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова