Кеше "Ақтөбе" футбол клубы қорғаушы Әлібек Қасым мен шабуылшы Жайро Жанмен қоштасқанын ресми түрде жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 1bol.kz-ке сілтеме жасап.
Бұған дейін де ақтөбелік ұжымнан бірқатар ойыншы кеткен. Атап айтқанда, қорғаушылар Неманья Анджелкович, Лев Скворцов және Богдан Вэтэжелу, жартылай қорғаушылар Данияр Үсенов пен Уче Агбо, сондай-ақ шабуылшылар Идрис Умаев пен Оралхан Өміртаев командамен қоштасты.
Солардың ішінде клуб капитаны болған Әлібек Қасым мен өткен маусымдағы үздік сұрмерген Жайро Жанның орны бөлек екені анық.
Дегенмен "Ақтөбенің" жаңа маусым алдындағы трансферлік белсенділігі аса жоғары емес. Клуб сапына әзірге екі ойыншы ғана қосылды: қазақстандық қақпашы Александр Заруцкий мен украиналық қорғаушы Иван Ордец.
Еске салайық, өткен маусымдағы Қазақстан Премьер лигасында "Ақтөбе" бесінші орынға тұрақтап, еурокубок жолдамасынан тыс қалған болатын. Осы нәтижеден кейін клубта құрылымдық өзгерістер болып, кәсіпкер Нұрлан Артықбаев жаңа иесі болып тағайындалды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз