"Ақтөбе" футбол клубы Конференция лигасындағы ойындарын өз алаңы Қобыланды батыр атындағы орталық стадионда өткізе алады, - деп хабарлайды Meta-ratings.kz.
Стадион топтық кезеңдегі ойындарды өткізу сертификатын иеленген. Ақтөбелік жанкүйерлер сүйікті командасына өз алаңында қолдау білдіре алады.
Егер команда топтан шығатын болса, онда өзге алаң іздеулеріне тура келеді. Команда плей-оффқа өтсе "Астана Аренада" ойнауы мүмкін.
Айта кетейік, бұған дейін "Ақтөбе" клубының алаңы бір сектордағы апатты жағдай мен кішігірім қолайсыздықтар үшін сертификаттаудан өтпейтіні белгілі болған еді. Алайда клуб пен облыс әкімдігі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жергілікті жанкүйерлердің ойынды тамашалауына мүмкіндік ашты.
"Ақтөбе" еурокубокты екінші іріктеу кезеңінен бастайды. Бірінші ойын 27 шілде күні өтсе, қарымта кездесу 3 тамызға жоспарланған. Қарсыластары алдағы уақытта белгілі болады.