Қазақстанның біріккен ММА федерациясының президенті Алик Айдарбаев "ақпан айынан бері байланысқа шықпаған", ұйым өз басшысын іздеп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұған дейін ММА федерациясының әлеуметтік желідегі парақшасында мынадай жазба пайда болды:
"Қазақстанның біріккен ММА федерациясының жаттықтырушылары мен спортшылары федерацияның қазіргі президенті Алик Айдарбаевты іздеп жатыр.
Алик Серікұлы, спортшылармен байланысқа шығуыңызды сұраймыз!", - деп жазды олар.
Tengri Sport редакциясы Қазақстанның Біріккен ММА федерациясына хабарласқан. Жағдайды ММА федерациясының бас директорының міндетін атқарушы Жанна Ким түсіндірді.
Оның айтуынша, Алик Айдарбаев "2023 жылдың ақпан айынан бері ұйымның құрылтайшыларынан шығу туралы арыз бергеннен кейін байланысқа шықпаған".
"Мүмкін бұл мәселе оған жеткізбей отырған орындаушылардан болып отырған шығар. Біз білмейміз, біз жай ғана оның жаттықтырушылармен байланысып, мән-жайды түсіндіргенін қалаймыз. Ал осы федерацияның құрылтайшылары да оның байланысқа шыққанын күтіп отыр", - деді бас директордың міндетін атқарушы.
Ол сонымен бірге спортшылар тамыз айында өтетін әлем чемпионатына өз қаражатына баруға мәжбүр болғанын айтты.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!