Софияда (Болгария) жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты аясындағы жекелей жарыстардың финалдық кезеңі аяқталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазақстандық Ақмарал Ерекешева жарыс жеңімпазы атанды. Айта кетейік, гимнаст үш финалға да бірінші орынмен өткен болатын. Ол қатысқан барлық финалда жүлдеге ілікті.
"Оның еншісінде екі алтын және бір күміс медаль бар. Алдымен Ерекешева доппен орындалған жаттығуда үздік атанды. Кейін таспамен өткен финалда да жеңіске жетті. Ал шығыршықпен орындалатын жаттығуда ол екінші орынға ие болды", - деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, Ақмарал Ерекешева - жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында жеңіске жеткен санаулы қазақстандық гимнастардың бірі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова