Ағайынды қазақ балалары әлем чемпионы атанды

Қазақстандық жас спортшыларымыз – Арслан Берік пен Арсен Берік «Abu Dhabi World Professional Jiu-Jitsu Championship  2022» әлем чемпионатында жеңіске жетіп, еліміздің абыройын асқақтатты.

Сайыс 2022 жылдың 11-19 қарашасы аралығында өтіп, оған әлемнің 120 елінен жас спортшылар қатысып жатыр.

Жеңімпаздарымызыды әуежайдан нағашы атасы, аналары және туған-туыстары зор қошеметпен күтіп алды

Арсланның нағашы атасы балалардың болашағы зор, әлі талай жеңіске жететінін айтады.

«Біз үшін бүгін зор қуаныш. Бүлдіршіндеріміздің маңдай тері ақталды, олар бразилиялық джиу-джитсуден әлем чемпионы атанды. Қазақстаннан бөлек шетелде басқа мемлекеттің спортшыларымен бәсекеге түсіп, соның ішінен оза шауып, көк туымызды желбіретті. Біз бауырлары, туысқандары дән ризамыз. Олар талай сайысқа дайындалды, ауырса да тырысып, жаттығуларынан қалмады. «Барамыз да жеңіске жетеміз» деді. Жеңді. Абу-Даби қаласындағы әлем чемпионатының финалында Арслан 2 минут ішінде қарсыласының жамбасын жерге тигізіп, «мен чемпион атандым» деп қол көтергеніне куә болдық. Спорт комментаторы «Балаға қараңдаршы, көзінде от бар. Өзіне сенімді. Әлі талай жеңіске жетеді. Қазірдің өзінде чемпион» деп айтқанда, әнұранымыз ойнағанда көзімізге жас келді. «Арслан Берік, Арсен Берік», Қазақстан!» дегенде төбеміз көкке жетті», - дейді Нағашы атасы.

Бұл чемпионат AJP Tour халықаралық турнирлерінің соңғы кезеңі болып саналады және әлемдегі ең беделді бразилиялық JIU-JITSU жарыстарының бірі.

«Бразилиялық джиу-джитсу жаңа бағыт, бұл жетістік бүкіл Қазақстан үшін үлкен нәтиже. Балаларымыз әлі жас, әлі талай шыңды бағындырады. Олмпиадалық ойын түрлеріне кірсе, олимпиада чемпионы болады деген үміттеміз. Арсеннің осы спорт түріне қатысып жатқанына 1 жыл 6 ай болды. Осы уақыт аралығында бірнеше халықаралық жарыстарда топ жарды. Ал, Арсланның бразилиялық джиу-джитсумен айналыса бастағанына 6 ай. Аз уақытта көп жатттықты. Бір жарыста финалда қарсыласынан басым болсада, жеңісті оған бермеді. Бірақ Арслан «Ата, әділетсіздік болды. Бірақ, келер жолы басқарларға еш мүмкіндік қалдырмай, төрешілердің көзін жеткізіп барып, таза жеңіске жетемін» деді. Міне, айтқанын орындады. Финалда ол қарсыласының қолына ауырту тәсілін жасады. Болмағасын қылқындыру әдісімен жеңді. Балалардың талапшыл қасиеті бар. Қай жерге барса да бірінші болуға ұмтылып тұрады», - дейді Арсланның нағашы атасы.

Арслан Берік бразилиялық джиу-джитсудан әлем чемпионы

Арслан Берік жарыстың аса қатты қиын болмағанын, барлығын мерзімін жеңгенін айтты.

«Мен Абу-Даби қаласына барып, бразилиялық джиу-джитсудан әлем чемпионы атандым. Қазақтың көк туын желбіреттім. Финалда Пәкістаннан келген қарсыласымды мерзімінен бұрын жеңдім», - дейді Арслан Берік.

Қос чемпионның әкелері балалларымен бірге жарысқа барып қайтқан. Олар болашақта қазақтың көк туын шетелдерде желбірете беретінімізге сенімдіміз дейді.

«Біздің кішкентай балапандар – Арслан мен Арсен Абу-Даби қаласындағы әлем чемпионатында топ жарды. Көк туымызды желбіретті. Жарысқа 120 мемлекеттен 5 мыңға жуық спортшылар келді. Балалар барлық жекпе-жекті уақытынан бұрын аяқтады. Арсланның қарсыластары Араб Әмірлігі, Кувейт елінен, Пәкістаннан болды. Ал, Арсеннің қарсыластары Кувейт, Араб Әмірлігі, АҚШ-тан келді. Негізі олардың салмағында 40 шақты спортшы қатысты. Екеуі де үздік екенін дәлелдеп, чемпион атанды», - дейді қос чемпионның әкелері.

Айта кетейік, Бразилиялық джиу-джитсудан Арслан Берік 8-9 жас аралығындағы сайыскерлер арасында 3-балалар санатында үздік атанған.

Арсен Берік бразилиялық джиу-джитсудан әлем чемпионы

Ал, Арсен Берік 6 мен 7 жас аралығындағы қарсыластар арасында 2-балалар санаты, сұр белбеу бойынша қарсылас шақ келтірмеген.

Сонымен қатар, Арсен Берік түркі әлемінің екі дүркін чемпионы, Азия ойындарының күміс жүлдегері, оның ішінде республикалық және халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін чемпионы.