Қазақ күресінен 2021 жылғы "Әскер барысы" турнирі аяқталды. Алматы қаласындағы Армия орталық спорт клубының базасында өткен жарыста Әділ Оразбаев жеңімпаз атанды.
Биылғы "Әскер барысы" турниріне 40-тан аса мықты балуан қатысты. Үздік шыққандары "Қазақстан барысы" турниріне жолдама алды.
Барлық қатысушылар сайысқа барынша жақсы дайындалған. Бүгін әр жекпе-жек қызықты, әрі тартысты өтті. Жыл сайын Қарулы Күштер шеңберінде чемпионаттар қарқынды өткізілуде. Қатысушылардың саны ғана емес, сондай-ақ әскери қызметші спортшылардың шеберлік деңгейі де артып келеді, - деп турнир жөнінде "Qazaqstan Barysy" қазақ күресін қолдау және дамыту қорының атқарушы директоры Жанарбек Атығаев атап өтті.
Жарыс қорытындысы бойынша бірінші және екінші орындарды Армия орталық спорт клубының спортшылары ефрейтор Әділ Оразбаев пен Ерасыл Қажыбаев қанжығалады. Жүлделі үшінші орын "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшісі ефрейтор Ертуған Төреновке бұйырды.
Жеңіс оңай болған жоқ, өйткені барлық қарсыластар жақсы шыныққан, жоғары кәсіби шеберлік дәрежесін көрсетті. Бұл жеңіспен тоқтап қалмаймын, келешекте алар талай асу бар, алда "Қазақстан барысы" республикалық турниріне үлкен дайындық күтіп тұр. Сол кезде Қарулы Күштердің ар-намысын қорғайтын боламын, – деді жарыс жеңімпазы ефрейтор Әділ Оразбаев.
2018 бен 2019 жылдар аралығында әскери спортшы ефрейтор Ерасыл Қажыбаев "Әскер барысы" турнирінің жеңімпазы атанған болатын. Сондай-ақ екі мәрте "Қазақстан барысы" күміс белбеуін жеңіп алды.