Адамес Жәнібекпен жекпе-жекке неге келіспеді: келіссөздердегі кикілжің белгілі болды

Орта салмақтағы қазақстандық WBO және IBF белбеулерінің иегері Жәнібек Әлімханұлы мен WBC чемпионы Карлос Адамес арасындағы біріктірілген жекпе-жекке қатысты жаңа мәліметтер жария болды. Доминикан-америкалық бокс шолушысы әрі инсайдер Broadway Joel келіссөздер неге тоқтап қалғанын анықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Еске салсақ, бұған дейін Сауд Арабиясының ойын-сауық істері жөніндегі басқармасының төрағасы Турки әл-Шейх бұл кездесуді ұйымдастыруды жоспарлағанын, алайда Адамес тарапынан жауап болмағандықтан, жекпе-жек болмай қалғанын мәлімдеген еді.

Инсайдердің айтуынша, Адаместің командасы Сауд Арабиясында өтетін жекпе-жек үшін жоғары гонорар талап еткен. Бірақ олар АҚШ-та өтсе, әлдеқайда аз қаржыға жұдырықтасуға дайын екендерін жеткізген.

"Адаместің командасы Сауд Арабиясында өздеріне дұрыс көңіл бөлінбегенін алға тартқан. Мәселен, бұрынғы сапарлары кезінде әуежайда ұзақ кідіріс болған, ал Турки әл-Шейх Хамза Шираздың бұрышына барып, оны жеңіске жетіп жатыр деп мәлімдеген. Ақыр соңында, жекпе-жек тең аяқталды, бірақ Адамес өзін жеңімпаз санаған. Сондықтан ол: "Егер мен тағы да Сауд Арабиясына баратын болсам, бұл үшін өтемақы талап етемін. Ал егер АҚШ-та өтсе, аз қаржыға да рингке шығуға дайынмын", – деген екен", – дейді Broadway Joel.

Инсайдердің айтуынша, жекпе-жектің өтпей қалуына басты себеп – Адамес тарапынан қойылған қаржылық талаптар мен Сауд Арабиясында бұрын бастан өткерген жағдайлар.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!