Бүгін әлем чемпионатының жартылай финалына шығатын соңғы екі команда анықталады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Елорда уақытымен 21:00-де Марокко мен Португалия құрамалары кездеседі.
Марокколықтар әлем чемпионатының ширек финалына жеткен африкалық төртінші құрама атанды. Сонымен қатар, 1/4 финалға жеткен алғашқы араб елі болды. Бірнеше күн бұрын Марокко құрамасы Испанияны пенальти сериясында жеңгені есімізде.
Бас бапкер Валид Реграги де тарихқа енді, ол мундиальдің ширек финалына жеткен алғашқы африкалық бапкер атанды. Оның командасы Катардағы додада бір ғана гол жіберді. Ал алдыңғы шепте гол соғуға дайын футболшы жетерлік. ФИФА таяуда "марокколық футбол федерацияның дұрыс жұмысының жемісін көріп жатыр" деген еді. Енді Марокко футболшылары Африкадан шыққан алғашқы жартылай финалист атануды көздеп отыр.
Фото: Reuters
Марокконың ширек финалдағы қарсыласы да Пиреней түбегінен келген. Португалия құрамасы 1/8 финалда Швейцарияны 6:1 есебімен тас-талқан етті. Португалиялықтар өз тарихында екінші рет үлкен турнирдің матчінде алтыдан көп гол соғып отыр. Сол ойында Фернанду Сантуштың шешімін де атап өткен жөн: бапкер жұлдыз ойыншысы Криштиану Роналдуды қосалқы құрамда қалдырып, орнына 21 жастағы Гонсалу Рамушты шығарған, жас форвард хет-трик авторы атанды.
Осылайша, Португалия құрамасы кейінгі 16 жылда алғаш рет әлем чемпионатының ширек финалына шықты. 2006 жылы Германиядағы турнирдің жартылай финалына жеткен еді. Бүгін сол жетістігін қайталауға жақсы мүмкіндік туып тұр.
Бұл командалар осыдан төрт жыл бұрын Ресейдегі әлем чемпионатының топтық кезеңінде кездескен еді, ол кезде Португалия 1:0 есебімен жеңген болатын.
Фото: Reuters
Ал ширек финал бұрыннан бір-біріне қарсылас атанған Англия мен Франция матчімен аяқталады. Командалар алғаш рет 1923 жылы кездессе де, мундиальде бар болғаны үшінші рет жолығып отыр.
Англия құрамасы 1/8 финалда Сенегалға қарсы кездесуді сәл нашар бастағанымен, қарсыласын 3:0 есебімен жеңе алды. Ағылшындар қатарынан үш ойын бойы гол жібермей келе жатыр. Одан бөлек, Катардағы турнирде еш құрама Англиядан көп гол соқпаған. "Үш арыстан" бүгінге дейін 12 гол соғып тастаған. Дегенмен бас бапкер Гарет Саутгейт бұрын соғылған голдар маңызды емес екенін, Францияға қарсы кездесуде команда өз деңгейінде өнер көрсетуі керегін айтқан болатын.
Фото: Reuters
Ал Франция Польшаны жеңіп, ширек финал жолдамасын соңғы болып еншілеген. Килиан Мбаппе дубль жасап, қазір үздік сұрмергендер тізімінде 5 голмен көш басында тұр. Мбаппе сейсенбідегі жаттығуға қатыспады, бірақ ойыншыны қазір жарақаты мазаламайды. Француздар турнир басталмай жатып жарақаттардан зардап шеккен, Кәрім Бензема, Поль Погба, Н'Голо Канте соған байланысты турнирге қатыса алмай қалған еді. Бірақ биыл Катардағы жарыс кезінде Франция құрамасының тарихындағы үздік сұрмерген атанған Оливье Жиру қатарда.
Фото: Reuters
Француздар 2018 жылғы әлем чемпионатында қарсылас шақ келтірмей, кубокқа қол жеткізген еді. Енді Мбаппе бастаған француздар атағын қорғап қалуға тырысады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!