ӘЧ-2022: Франция құрамасы ширек финалға шыға ала ма?

ӘЧ-2022: Франция құрамасы ширек финалға шыға ала ма?
Фото: Reuters

Бүгін Катардағы әлем чемпионатының 1/8 финалы аясында екі матч өтеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Әлем чемпионы Франция құрамасы плэй-офф кезеңінде Польшамен кездеседі. Ойын елорда уақытымен 21:00-де басталады. Француздар D тобында бірінші орын алды. Алғашқы екі ойынында жеңіске жетіп, плэй-офф кезеңіне шығып қойған соң, соңғы турдағы Туниске қарсы ойынға екінші құрамын шығарды. Сөйтіп, маңызды емес ойында жеңіліп қалған болатын. 

Франция құрамасы мундиальдің 1/8 финалынан тек 1934 жылғы жарыста ұшып кеткен. Содан бері команда плэй-оффқа жетсе, міндетті түрде келесі кезеңге өтіп келе жатыр.


Фото: Reuters

Ал Польша құрамасы С тобының 3-турында Аргентинаға қарсы өте нашар ойнап, жанкүйерлердің сынына қалған. Бірақ команда плэй-офф кезеңіне екінші орынмен шыға алған еді. Бірден Франция сияқты азулы командаға түсті. Поляктар Катардағы додада бір мәрте ғана жеңді - Сауд Арабиясынан 2:0 есебімен басым түскен.

Осылайша, Польша 1986 жылдан бері алғаш рет 1/8 финалға жолдама алып отыр. Енді француздарды жеңгісі келсе, Аргентинаға қарсы ойынды қайталамауы қажет.


Фото: Reuters

Франция мен Польша бұған дейін 17 рет кездескен. Оның сегізінде француздар, төртеуінде поляктар жеңген, қалған бес ойын тең аяқталыпты. ФИФА рейтингінде Франция құрамасы 4, Польша 26-орында тұр.

Ал түнгі 01:00-де Англия мен Сенегал құрамалары кездеседі. Ағылшындар топтық кезеңде жеңілген жоқ. Үш ойында 9 гол соқты, оның алтауын Иран қақпасында тулатқан. Иран мен Уэльсті ірі есеппен жеңіп, АҚШ құрамасымен тең түскен болатын.

Англиялықтар 2018 жылғы мундиальде жартылай финалға жеткен еді. Биыл да кем дегенде сол жетістігін қайталамақ.


Фото: Reuters

Сенегал құрамасы болса, А тобында екінші орын алды. Нидерландқа жол беріп, кейін турнир қожайыны Катар мен Эквадордан басым түсті. Осылайша, алты ұпай еншілеген африкалық ұжым тарихында екінші рет плэй-офф кезеңіне шығып отыр. 


Фото: Reuters

Англия мен Сенегал құрамалары алғаш рет кездеседі. Қазір ФИФА рейтингінде Англия 5, Сенегал 18-орында келеді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш