- Негізгі бет
- Спорт
- Абзал Әжіғалиев: "Қысқы...
Абзал Әжіғалиев: "Қысқы спорт қазақтар үшін емес" деген стереотипті жойғым келді"
Қазақстан құрамасының ту ұстаушысы, конькимен сырғанаушы Абзал Әжіғалиев 2022 жылы Бейжіңде өтіп жатқан Олимпиада ойындарының финалында 500 метр қашықтықта медальға бір қадам жетпей, төртінші орынға табан тіреді.
Абзал Әжіғалиев Олимпиадаға дейін іріктеу жарыстарында денсаулығына байланысты қиналғанын айтады. Бірақ ол Олимпиадаға қатысу үшін барын салған.
"Бұл жарыста финалға дейін жету мақсатым еді. Олимпиаданың іріктеуі мен үшін қиын болды. Себебі, жарақатыма байланысты көп жарысқа қатыса алмадым. Соған қарамастан Олимпиадаға дейін бабыма келіп, осы дүбірлі додада қазақ халқын қуантқым келді. Өйткені, шорт-трек елімізде аса танымал емес спорт. Олимпиада кезінде ғана көріп жатыр. Жазғы спорт көп, ал, қысқы спорт түрлері аз насихатталады", - дейді Әжіғалиев.
Отандасымыздың айтуынша, бұл спорт түрінен еліміз спортшылары жоғары жетістіктерге жетіп жүр.
"Мысалы, шорт-трек бойынша Қазақстан спортшылары әлем кубогынде жақсы нәтижелер көрсетіп жатыр. Команда бойынша әлемнің топ-10 рейтингіне кіреміз. Соған қарамастан шорт-трек жас спорт, ешкім білмейді. Арманым шорт-тректі бәрі танысын деп ойлаған едім", - дейді Абзал Әжіғалиев.
Елімізде "қысқы спорт түрлері қазақтар үшін емес" деген стереотип бар. Бірақ, спортшымыз бұл сөзбен келіспейді.
"Қысқы спорт қазақтар үшін емес" деп айтып жатады. Сол стереотипті жойғым келді. "Біз де коньки тебе аламыз, әлемдік ірі жарыстарда үздік командалармен иық тіресіп, бәсекелесе аламыз" дегенді дәлелдегім келді. Оны дәлелдедім деп ойлаймын. Бүгінгі бұйырғаны осы екен. Жалпы, жарыс аса тартысты болды. Жарыс барысында екі олимпиада чемпионы жарыстан шығып қалды. Жанкүйерлерді қуантқым келді. Бірақ қолымнан келгені осы болды. Бәріне рахмет", - дейді спортшы.
Айта кетейік, Абзал Әжіғалиев Олимпиадада 500 метрге шорт-тректен жекелей сында финалда өнер көрсеткен тарихтағы тұңғыш қазақстандық атанды. Ол қысқа қашықтықтарға жүгіруден әлем кубогінің жеңімпазы әрі бірнеше дүркін жүлдегері. Әзірге, Абзал қазақстандық шорт-трекшілердің Олимпиададағы ең ірі жетістігін тіркеп отыр. Бұған дейн отандық шорт- трек шеберлері Олимпиадада төрттікке енген емес. Сондай-ақ осыған дейін Әділ Ғалиахметов 1500 метрге жарысудан финалда бақ сынап, сегізінші орын алған болатын.
А. Оралқызы