Дүниежүзілік бокс ұйымы орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (13-0, 8 КО) мен мексикалық экс-чемпион Хайме Мунгия (41-0, 33 КО) арасында жекпе-жекті бекітті, - деп хабарлайды Vesti.kz.
Бұл шешімді WBO президенті Франциско Валкарсель қазанның соңында айтқан еді. Ал Әлімханұлы 13 қарашада ұлыбританиялық Дензель Бентлиге қарсы жекпе-жек өткізді. Мунгия бір аптадан кейін аргентиналық Гонсало Корияны нокаутқа жіберді.
"WBO чемпионат комитеті жекпе-жек туралы тараптарға Хайме Мунгия мен Жәнібек Әлімханұлы арасындағы келіссөзді бастауға рұқсат беретінін хабарлаймыз. Тараптарға келісімге келу үшін 15 күн беріледі", - делінген ұйым боксшылардың өкілдеріне жіберген хатында.
Айта кетейік, 13 қарашада Лас-Вегаста қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы мен ұлыбританиялық Дензел Бентли (17-2-1, 14 КО) арасында WBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы атағы үшін жекпе-жек өткен еді. Жекпе-жек 12 раундқа есептелген болатын, ал оның қорытындысы бойынша төрешілер Әлімханұлын жеңімпаз деп таныды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!