UFC-дің жартылай ауыр салмақтағы қазақстандық файтері Дияр Нұрғожай әлемдегі ең ірі промоушендегі төртінші жекпе-жегі алдында ресми салмақ өлшеу рәсімінен сәтті өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
29 жастағы қазақстандық АҚШ-та өтетін UFC Fight Night 284 турнирінің алдын ала кардында өнер көрсетіп, бразилиялық Бруно Лопеспен кездеседі.
Турнир Қазақстан уақытымен 9 тамызға қараған түні сағат 02:00-де басталады, алайда Нұрғожайдың жекпе-жегі 04:00-ден ерте басталмайды. Ресми салмақ өлшеу рәсімінде қос файтер де жартылай ауыр салмақ лимитін (93 келіге дейін) бағындырды: Нұрғожайдың салмағы 92,99 келі, Лопестің салмағы 92,75 келі болды.
Нұрғожай UFC-дегі алғашқы жекпе-жегін 2025 жылғы наурызда бразилиялық Брендсон Рибейроға қарсы өткізіп, есе жіберген болатын. Бірінші раунд негізінен тік тұрып айқасумен өтті: қос файтер де белсенділік танытты, бірақ Рибейро қашықты жиі қысқартып, соққыларын дәлірек тигізді. Екінші кезеңде қазақстандық жекпе-жекті партерге ауыстыруға тырысқанымен, бұл қарсыласына мүмкіндік беріп қойды. Бразилиялық "кимура" ауырту әдісін қолданып, Нұрғожайды берілуге мәжбүр етті.
2025 жылғы 23 тамызда Нұрғожай UFC-дегі екінші жекпе-жегін қырғызстандық Ұран Сатыбалдиевке қарсы өткізді. Бұл кездесу промоушен тарихындағы Қазақстан мен Қырғызстан өкілдері арасындағы алғашқы жекпе-жек болды. Алайда ол бір раундқа да созылған жоқ - Сатыбалдиев бірінші раундта ауырту әдісімен жеңіске жетті.
Нұрғожай UFC-дегі алғашқы жеңісіне 2026 жылғы 8 наурызда қол жеткізді. Промоушендегі үшінші жекпе-жегінде ол төрешілердің бірізді шешімімен бразилиялық Рафаэл Тобиасты жеңді.
ММА-дағы кәсіби мансабында Нұрғожайдың еншісінде 11 жеңіс пен екі жеңіліс бар.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!