Дзюдодан Өзбекстан астанасы Ташкентте өтіп жатқан Grand Slam турнирінде қазақстандық Абиба Әбужақынова финалға жолдама алды. Ал ерлер арасында белдесулерін сәтті бастаған Елдос Сметов жарыстан шеттетілді.
48 келіде күресетін Абиба жартылай финалда швециялық Тара Бабулфатты жеңді. Осылайша Бакуде кеткен есесін қайтарды.
Енді Абиба финалда Ресей атынан сынға түсетін нейтралды спортшы Сабина Гилиязовамен кездеседі.
Еске сала кетейік, Абиба Әбужақынова биылғы маусымда өзі қатысқан жарыстардың бәрінен жүлде алып келеді.
Португалиядағы Гран-при және Бакудегі Grand Slam турнирінде ол қола жүлдегер атанған еді. Сондай-ақ Абиба дзюдодан қазақ қыздары арасындағы әлем чемпионатының қола медалін иеленген тұңғыш спортшы.
Ерлер арасында Елдос Сметов жарысты сәтті бастаған. Алдымен кубалық қарсыласы Джонатан Чаронды, одан кейін грузин Лухуми Чихимианиді иппонмен жеңді. Үшінші белдесуінде тағы бір грузин спортшысымен кездесіп, үш рет ескерту алып, қызыл қағаз алып кетті. Бас бапкер Нұрбол Сүлейменовтің айтуынша, ол қарсыласына тыйым салынған әдісті қолданған. Нәтижесінде жұбаныш белдесуге мүмкіндігі болғанмен, дзюдо ережесіне сай жарысты жалғастыра алмайды.
Бүгін татамиге шыққан Ғұсман Қырғызбаев (66 кило), Ғалия Тынбаева (48 кило), Нұрқанат Серікбаев (60 кило), Аружан Ережепова, Балнұр Әбдешова (52 кило), Жанарыс Рахметқали (66 кило) жүлделі орынға іліге алмады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз