- Негізгі бет
- Спорт
- NFC президенті турнир...
NFC президенті турнир ұйымдастырушысының ұсталуына қатысты пікір білдірді
Naiza Fighting Championship ұйымы президенті Нұрбек Қарабала Ақтауда полицейді итеріп жіберген турнир ұйымдастырушының ұсталуына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Мassaget.kz тілшісі.
Қарабала ұйымдастырушының бұл әрекеті абайсызда болғанын және оның ешқандай арам ниеті болмағанын айтты. Оның айтуынша, көп адам жиналатын кез келген ауқымды шарада күтпеген жағдайлар болады.
"Техника ғана емес, адамдардың жүйкесі де шыдамайды. Біреу эмоцияға беріліп, өз кумирін көргісі келеді, алға ұмтылады. Ал енді біреу көпшілікті тізгіндеп, қоғамдық тәртіпті сақтауы керек. Полиция қызметкерлері тиісті деңгейде жұмыс істеді, көпшілікті кері қайтарып, кішігірім төбелестерге жол бермеді. Ұйымдастырушы ретінде оларға ризашылығымды білдіремін. Бастысы - бір-бірімізге деген құрмет. Адамдар арасында түсініспеушілік тудырмау", - деді ол.
Лига президентінің айтуынша, шараға мың адам қатысқан.
"Облыс мүмкіндіктерін ескере отырып, турнир жоғары деңгейде өтті дей аламыз. Трансляция бірнеше елге тарады. Бұл сырттағы бірінші турниріміз, біз үшін үлкен тәжірибе болды", - деді Қарабала.
Қарабала Хабиб Нурмагомедов турнирдің ұйымдастырылу деңгейіне көңілі толғанын айтты дейді.
"Ол үшін бұл жай ғана кезекті іс-шара емес, турнирді Ақтауда өткізу марқұм әкесі Абдулманап Нурмагомедовтың идеясы болды. Өкінішке қарай, қазір ол бізбен бірге емес, бірақ менің ойымша, егер ол болса, турнирді лайықты бағалайтын еді", - деп қорытындылады ол.
Еске салайық, MMA бойынша Naiza 41 x Eagle 48 халықаралық турнирі аяқталғаннан кейін жанкүйерлер Ақтау жағалауында UFC-дің экс-чемпионы Хабиб Нурмагомедовті қоршауға алған болатын. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желілерде тарап кетті.
Г. Досымшалова