Қазақстандық боксшы Геннадий Головкиннің (42-2-1, 37 КО) бұрынғы бапкері Абель Санчес жеңіліп көрмеген мексикалық Хайме Мунгияға (41-0, 33 КО) кеңес берді. Ол рингте GGG-мен кездесуден аулақ болу керегін айтты, - деп хабарлайды Vesti.kz.
Бұған дейін Мунгия Головкинмен жекпе-жек өткізгісі келетінін бірнеше рет айтқан болатын.
"GGG-ден аулақ бол. Дәл қазір GGG-ге қиындық тудыратын жалғыз адам - Канело. Оған мұндай соққының қажеті жоқ. Головкин оны ол бірнәрсе ұрлағандай ұрып-соғады. Головкинді жеңу қиын болады", - деді Санчес Boxingscene.com журналына.
Айта кетейік, Мунгия мен Головкин 2018 жылы жекпе-жекке шығуы мүмкін еді, бірақ кейін Невада атлетикалық комиссиясы мексикалықты мұндай деңгейдегі жекпе-жектерге тәжірибесі аз боксшы деп санаған.
Мунгия кейінгі жекпе-жегін қарашада өткізіп, үшінші раундта аргентиналық Гонсало Корияны (21-6, 8 КО) нокаутқа түсірді.
Головкин өз кезегінде рингке қыркүйекте шығып, трилогияда мексикалық Сауль "Канело" Альварестен (58-2-2, 39 КО) төрешінің шешімімен жеңіліп қалды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!