Тағы бір мүмкіндік бар! Қазақстан Еуропа чемпионатына шығу үшін қай құрамаларды ұту керек?

Тағы бір мүмкіндік бар! Қазақстан Еуропа чемпионатына шығу үшін қай құрамаларды ұту керек?
Фото: kff.kz

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2024 жылғы Еуропа чемпионатына тікелей жолдаманы иелене алмады. Дегенмен Магомед Адиев шәкірттерінің тағы бір мүмкіндігі бар. Ол – Ұлттар лигасы. 

Еуропа чемпионатына тікелей жолдама алған 20 құрама анықталды. Тағы бір құрама бүгін түнде өтетін іріктеу ойындарында белгілі болады. Қалған 3 орын Ұлттар лигасы арқылы таратылады. Сол 3 жолдаманың біріне Қазақстан құрамасы да таласады. 

Ұлттар лигасының плей-офф кезеңінде Қазақстан Грекияға қарсы ойнайды. Ұтқаны Грузия – Люксембург ойынында жеңген құрамамен кездеседі. Екі рет жеңіске жеткен құрама Еуропа чемпионатына жолдама алады. 

Қазақстан мен Грекия құрамалары арасындағы кездесу 21 наурыз күні сырт алаңда өтеді. Бұл кездесулердің жеңімпазы бір ойынмен ғана анықталады.

Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңінде ең үздік нәтижесін көрсетті. 6 ойында жеңіске жетіп, 4 ойында қарсыластарына есе жіберді. 18 ұпаймен "Н" тобында төртінші орынға тұрақтады. Топтағы екі жолдаманы Дания мен Словения құрамалары еншіледі.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

О. Сансызбай