Қазақстандық ауыр атлет жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанды

Қазақстандық ауыр атлет жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанды
Фото: kazsports.kz

Ауыр атлетикадан Мексиканың Гвадалахара қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында отандасымыз Едіге Емберді алтын медаль еншіледі. 

81 килоға дейінгі салмақта бақ сынаған отандасымыз жұлқа көтеруден кейін 9-орында (145 кило) болған. Серпе көтеруде 191 килоны еңсеріп, қарсыластарын басып озды.  1 кило кем көтерген түрікмен спортшысы Гайгысыз Тораев (151+184) күміс медаль еншілесе, қоланы грузин Саба Ананидзе (149+184) иеленді. 

Едіге Емберді Қазақстан құрамасы атынан халықаралық жарыстарға 2022 жылдан бастап қатыса бастады. Алғашқы жарыстарынан бастап жоғары нәтиже көрсетті. 73 кило салмақта жасөспірімдер арасында әлем чемпионы, кейіннен Ташкентте өткен Азия чемпионатында топ жарды. Енді жаңа салмақта әлем чемпионы атанды. 

Сондай-ақ әйелдер арасында 49 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде тағы бір ауыр атлетіміз Юлия Трошкина қоссайыс бойынша жалпы есепте оныншы орынды иеленді. Ол 150 (70+80) келіні көтерді. Дәл сондай орынға ерлер арасында 67 келіге дейінгі салмақта Петр Хребтов 270 (120+150) тұрақтады. 

Айта кетейік, 44 елден 229 спортшы қатысып жатқан жарыс 23 қарашаға дейін жалғасады.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

О. Сансызбай