Әлем чемпионатында жүлде алған Азамат Дәулетбеков Олимпиада жолдамасын иеленді

Әлем чемпионатында жүлде алған Азамат Дәулетбеков Олимпиада жолдамасын иеленді
Фото: kazsport.kz

Еркін күрестен қазақ балуаны Азамат Дәулетбеков әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Сондай-ақ отандасымыз 86 килоға дейінгі салмақта Париж Олимпиадасы жолдамасын иеленді. 

Азамат үшінші орын үшін өткен белдесуде бахрейндік балуан Магомед Шариповтан басым түсті. Бұл белдесу өте тартысты өтті. Соңғы секундтарда Азамат қарсыласына 2:3 есебімен есе жіберіп тұрған. Аяқталар тұста әдіс қолданып, жеңіске бастар жолды тапты. 

«Иә, өздеріңіз көргендей, соңғы секундтарда әдіс жасап, жеңіске жеттім. Әрине, Олимпиаданың жолдамасы сарапқа салынған соң қола жүлдені қолдан жібергім келген жоқ. Жекпе-жекте барымды салдым. Жеңіске жеткенім осы ынтамның арқасында деп ойлаймын. Енді осы дайындықпен Азия ойындарына барамыз. Аз уақытта салмақты қалпына келтірген соң Қытайдан да олжалы оралуға тырысамыз»,-деп айтты Азамат белдесуден кейін Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.

Бұл салмақта америкалық Давид Тейлор алтыннан алқа тақса, күміс ирандық Хасан Яздани күміс, осы салмақтағы екінші қоланы Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, Сан-Марино спортшысы Майлз Амин қанжығасына байлады.

Айта кетейік, Олимпиаданың жолдамасы жекелеген спортшыға емес, UWW-ға мүше Ұлттық федерацияларға беріледі. Париж төрінде тура Токиодағыдай әр салмақта таңдаулы 16 бауланнан жүлдеге таласады. Барлығы Олимпиада бағдарламасына 18 салмақ кіреді.

Еркін күрестен егемендік алғаннан бері қазақстандық палуандар әлем чемпионатында осымен 17 жүлдеге қол жеткізді. Оның бесеуі күміс, 12-сі қола. 

Бүгін 92 килоға дейінгі салмақта Ризабек Айтмұхан әлем чемпионы атағына таласады.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

О. Сансызбай