Жарқ етіп, мәңгі сөнген жұлдыз: Денис Теннің қайтқанына 5 жыл

Жарқ етіп, мәңгі сөнген жұлдыз: Денис Теннің қайтқанына 5 жыл
Фото: instagram.com/denisten_official

Биыл Денис Теннің қаза тапқанына 5 жыл толып отыр. 2018 жылы 19 шілдеде қапыда қаза болған спортшының бейнесі халық жүрегінде мәңгілікке қалды. Әрі қазақ спорты үшін орны толмас қаза, ауыр трагедия болды. Биыл 13 маусымда қазақ спортының жарқын бейнесі, мәнерлеп сырғанаушы 30 жасқа толар еді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Спортшы 1993 жылы 13 маусымда Алматыда дүниеге келген. Тен - текті ұрпақтан тараған жан. Кореяның тәуелсіздігі үшін күрескен атақты генерал Мин Гын-Хо әскербасының шөбересі. Оның атасы 1962 жылы Корея Республикасының "Мемлекет құруға үлес қосқан жан" орденімен марапатталған.

Мәнерлеп сырғанауды ол бала кезден бастаған. Бірақ ол тұста Алматыда мәнерлеп сырғанауға, жаттығуға арналған спорт алаңы мен орындары бола қоймады. Ал он алты жасында 2010 жылғы Олимпиада ойындарында Қазақстан атынан қатысып, ерлер біріншілігінде ең жас қатысушы атанды.

Ашық дереккөз

Балалық шағы 

Болашақ спорт жұлдызы небәрі 10 жасында Омбыдағы турнирге қатысып, көптің көзіне түседі. Жаттықтырушылар оны Мәскеуге шақырады. Содан 2000 жылдардың басында оның отбасы Мәскеуге көшеді.

Денис Тенді отбасында бетінен қақпай өсірген. Соның арқасында жас спортшы мәнерлеп сырғанаудан өзге теннис, акробатика, таэквондо, каратэ үйірмелеріне барған және жүзумен айналысқан. Би және көркемсурет мектептерінде де білім алған. Музыка мектебінің 5 сыныбын тәмамдап, хорда ән салған.

"Бір баласы спортшы, екінші баласы ақылды отбасында дүниеге келдім. Айтпақшы, спортпен 20 жылдан бері айналысамын", - деген еді жазбаларының бірінде.

іnstagram.com/tenis_den

Спорттағы жетістігі

Денис Тен - Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері. 2014 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері. Мәнерлеп сырғанаудан 2013 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2015 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, 2015 жылғы төрт құрлық чемпионатының жеңімпазы, VII қысқы Азия ойындарының чемпионы.

Ең алғашқы жетістігі - 2006 жылы Қазақстан чемпионатында бірінші орын алып, чемпион атануы еді. Он үш жасында Голландияда Гран-При алған жасөспірімдер арасындағы үздік ондық қатарына кірді. Бұл - ол қатысқан ең алғашқы халықаралық жарыс еді.

Ашық дереккөз

2018 жылы жазда Денис Тен 25 жасқа толды. 13 маусымда спортшы Instagram-парақшасына "өмірге деген құлшынысым зор" деп жазған еді.

"Өмірді сүйемін. Ата-анамды жақсы көремін. Адамзатты жақсы көремін. Сүюді жақсы көремін. Осы аяулы сезімді бөліскім келеді. Нақтырақ айтсам, мен емес, менің кейіпкерім бөліскісі келеді. 25 жасымда дүниені басқаша танығандай болдым", - деп жазған ол. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Denis Ten (@tenis_den)

Денис Тен тек спортпен шұғылданып қоймады. Ол - суретке түсіргенді, сурет салғанды, ән айтқанды ұнатқан жан. Тіпті киносценарий жазумен де айналысқан. 

Айта кетейік, Денис Тен 2018 жылғы 19 шілдеде Алматыдағы Құрманғазы мен Байсейітова көшелері қиылысында көлік ұрыларымен қақтығыс кезінде қаза болды. 21 шілдеде Денис Тенді ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті.

Кейінірек Денис Теннің көлігіндегі айналарды Арман Құдайбергенов шешіп алғаны белгілі болды. Оның сыбайласы Жанар Тойлыбаева осы уақытта көліктен жеті метр қашықта тұрған. Алайда ол жанынан өткен Денис Тенді байқамаған. Конькимен сырғанаушы көлігінің маңындағы бейтаныс адамдарды көріп, оларға кедергі жасауға тырысқан. Осылайша, Арман Құдайбергенов пен Денис Тен арасында төбелес басталған. Осы кезде Нұралы Қиясов артынан келіп, Денис Тенге екі рет пышақ сұғып алған. Жарақат өлімге әкеп соққан. Міне, осылай қазақ спорты тарихындағы жарқын бейне келмеске кетті.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек