-1 боксшы. Талғат Сырымбетов Азия чемпионын қуып жүріп сабаса да жеңіске жете алмады

-1 боксшы. Талғат Сырымбетов Азия чемпионын қуып жүріп сабаса да жеңіске жете алмады

Бокстан Ташкентте өтіп жатқан әлем чемпионатында 60 килоға дейінгі салмақта Талғат Сырымбетов жарысты 1/16 финалда аяқтады. Өкінішке қарай, отандасымыз қазіргі Азия чемпионы иорданиялық Мұхамед Абу-Джаджехты шаршы алаңда қуып жүріп сабаса да жеңіске жете алмады. 

Екі боксшы арасындағы жекпе-жек тартысқа толы болды. Ұзын бойлы иордан боксшысына қарсы Талғат барын салды. Бірінші раундта төрешілер 4:1 есебімен жеңісті қарсыласына ұстатты. Екінші раундта қазақ боксшысы қарқын қосып, қарсыласын бұрыштан бұрышқа қуып жүріп соққының астына алды. Ережеге сай емес әрекеті үшін Мұхамед Абу-Джаджех ескерту де алды. Алайда бір төреші басымдықты бәрібір Талғаттың қарсыласына берді. 

Үшінші раундта да Талғат Сырымбетов шабуылда ширақтық танытты. Қарсыласын адым аштырмай, ашық шайқасқа шақырумен болды. Жекпе-жек қорытындысы бойынша төрешілер қазіргі Азия чемпионы атағына ие боксшыны жеңімпаз деп танып кетті. 

Айта кетейік, Талғат қазақ боксшылары арасында бірінші болып жарыс жолынан шықты. Осыған дейінгі бірінші жекпе-жегінде айқын жеңіске жеткен болатын. 

О. Сансызбай