Елімізде бокс, қазақша күрес, ережесіз жекпе-жек, армрестлинг сынды спорт түрлері қарқынды дамып жатыр. Алматы облысының 60 жастағы тұрғыны Береген Спатаев та бүгінде армрестлингтен әлем чемпионатына дайындалып жүр. Тіпті ол бұл спорт түрінен жастарды да талай мәрте шаң қаптырған. Massaget.kz тілшісі спортшымен тілдесіп, біраз жасқа келсе де спорттан алыстамауының сырын сұрады.
Райымбек ауданының тумасы Береген Спатаев бұл спортқа 50 жастан асқанда келген екен.
"Негізі спортпен бала кезімнен айналыса бастадым. Мектеп қабырғасында жүргенде жүгіру, арқан тартыс, зілтемір көтеру сияқты жарыстарда төбе көрсетіп жүрдім. Бертін келе күрес, соның ішінде қазақша күреске бет бұрдым. Ал нақты осы қол күреспен 50 жастан асқан соң ғана айналыстым. Сол жылдары жарыстарға шыға бастадым. Бұл жас ерекшелігіне қарамайтын спорт түрі болғандықтан, өзімнен 20-30 жас кіші, қуаты тасып тұрған жастармен бақталастым. Қол күреспен айналысу үшін ерінбей дайындалу керек", - дейді Азия чемпионы.
Бұл спорттың өзіндік ерекше әдіс-тәсілдері бар. Сондықтан ол дайындық кезінде қолды жарақаттап алудан сақтану керегін айтты.
"Тыңғылықты, үздіксіз дайындықтан соң, 2017 жылы 55 жасымда Қырғызстан Республикасында өткен қол күрестен Азия чемпионатында чемпион атандым. Одан бөлек ел ішіндегі чемпионатта үш мәрте бағымды сынадым. Жүлделі орындардан көрініп, чемпион атанған кездерімде есімде. Әрине, жарыс жолы оңай болмады, небір қайратты, алып жастар жиналды. Арасында жас жағынан ең үлкені мен едім. Дегенмен үздіксіз дайындық нәтижесін берді", - дейді Береген Спатаев.
Спортшы қазір әлем чемпионатына қызу дайындық үстінде.
"Ендігі мақсатым - әлем ареналарын бағындырып, көк туымызды желбірету. Қазір сол чемпионаттарға тыңғылықты дайындалып жүрмін. Одан бөлек өзімнің үйренген-білген тәжірибемді жастарға үйретіп, еліміздің рухты азаматтарын тәрбиелеу мақсатым болып отыр. Бүгінде 100-ден аса шәкіртім бар", - дейді ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!