Қырғызстанның Бішкек қаласында күрес түрлерінен Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Қазақстан құрамасының бас бапкері Olympic.kz сайтына берген сұхбатында құрлық біріншілігін қорытындылады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ұлттық құраманың бас бапкері Қонысбек Кәрімұлы балуандардың өнеріне баға берді.
"Азия чемпионатына құраманың негізгі балуандары толық қатысқан жоқ. Сондықтан нәтиже де соған сай болды. Жоспар бойынша 1 алтын, 2 күміс, 2 қола жүлде алу көзделген еді. 82 келіге дейінгі салмақта күрескен Ибрагим Магомадовтың финалға шығуға мүмкіндігі жоғары болды. Жартылай финалда жақсы белдесті. Алайда басымдықты сақтай алмай, жеңісті жіберіп алды. Ал 55 және 63 келідегі балуандарымыз сенімді ақтамады. Екеуі де былтыр желтоқсанда өткен ел чемпионатында топ жарған болатын. Загребтегі турнирде де бақ сынады, бірақ онда да айтарлықтай нәтиже көрсете алмады", - деді ол.
Айта кетейік, ұлттық құрама балуандары байрақты бәсекеде жеті медаль жеңіп алды, оның біреуі - алтын.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова