Футболдан Ұлттар лигасында Испания Англиядан ұтылды. Мадридте өткен матчта ағылшындар 2:3 есебімен басым болып кетті, деп хабарлайды Massaget.kz.
Топтағы соңғы ойында Англияның асығы алшысынан түсті. 60-минутқа дейін үш доп басымдығымен алға шығып алды. 45-минутта Харри Кейн пенальтиден есеп ашса, 53-минутта Эзри Конса, 57-минутта Бен Уайт мергендік танытты. Ал 63-минуттан бастап 10 ойыншымен ойнады, Эллиот Андерсон қызыл қағаз алып кетті.
Испания 10 ойыншымен қалған Англия құрамасына екі гол соқты. 65-минутта Микель Оярсабаль пенальтиді сәтті орындаса, 75-минутта Нико Уильямс есепті қысқартты. Ал таразы басын теңестіре алмады.
Англия мен Испания топта 15 ұпайдан жинады. Қосымша нәтижелер бойынша ағылшындар бірінші орынды иеленді. Испания екінші орынмен ширек финалға жолдама алды.
Айта кетейік, Испания 43 матч қатарынан ұтылмай келе жатқан құрама болатын. 12 матч қатарынан қарсыластарын ұтып келген. Соңғы рет 2024 жылы жолдастық матчта Колумбияға есе жіберген.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз