- Негізгі бет
- Спорт
- 21 соққы -...
21 соққы - 0 гол. Канада құрамасы көп шабуылын голға айналдыра алмады
Кейінгі әлем чемпионатының қола жүлдегері Бельгия құрамасы Катардағы мундиальді жеңіспен бастады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Ахмад Бин Али" стадионында бельгиялықтар Канадамен кездесті. Бельгия төрт жыл бұрын Ресейде қола медаль иеленсе, Канада әлем чемпионатына 1986 жылдан бері алғаш қатысып отыр.
F тобындағы ойынды Канада футболшылары белсенді бастады. Нәтижесінде пенальти орындауға мүмкіндік алды - доп айып алаңында бельгиялық ойыншының қолына тиген. Бірақ нүктеге келген Альфонсо Дэвис қақпашы Тибо Куртуадан айласын асыра алмады.
Соған қарамастан Канада құрамасы шабуылдарды қарша боратты. Бірақ гол соға алмай жатты. Ал Бельгия бірінші таймның соңында аз шабуылының бірін голға айналдырды. Қарымта шабуыл кезінде допты қабылдап алған Миши Батшуайи есепті ашты.
Үзіліске дейін Канада 14, Бельгия 4 соққы жасаған. Бірақ үзіліске Бельгия жеңімпаз ретінде кетті.
Екінші таймда да Канада шабуылын үдетті, Бельгия жылдам шабуылдарға иек арта бастады. Бірақ Солтүстік Америкадан келген құрама қанша тырысқанымен, таразы басын теңесте алмады. 21 соққының бірі де голға айналмады. Қорытынды есеп - 1:0, Бельгия өте ауыр жеңіске қол жеткізді.
Осы ойыннан кейін үш ұпай жинаған Бельгия F тобында көш бастады. Хорватия мен Марокко еншісінде бір ұпайдан бар. Ал Канада құрамасы соңғы орында тұр.
Бұл топтың келесі матчтері 27 қарашаға жоспарланған. Бельгиялықтар Мароккомен күш сынасады, ал Канада құрамасы Хорватиямен кездеседі.
Айта кетейік, Massaget.kz порталы әлем чемпионатына байланысты болжам бәйге өткізіп жатыр. Бас жүлде - iXXi Extreme планшеті! Болжам бәйгенің ережесін толығырақ мына сілтеме арқылы оқи аласыздар.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Е. Төлеш