"21 жыл дайындалдық" - Күміс жүлдегер Құрбановтың әкесі ұлының жеңісі туралы

Париж Олимпиадасында спорттық гимнастиканың ат снарядындағы жаттығуда күміс жүлдеге қол жеткізген Нариман Курбановтың әкесі, әрі бапкері Хусанжан Курбанов ұлының жеңісіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Айта кетейік, бүгін тарихи жүлде алған мергеншілер  Ислам Сәтпаев пен Александра Ле мен гимнаст Құрбанов Алматыға келді. 

"Осы медальді алуға аянбай еңбектендік. Әрине, алтын алғымыз келді, бірақ күміс алдық. Дегенмен оған да ризамыз. Мен ұлымның жеке бапкерімін. 21 жыл дайындалдық, осындай нәтижеге жеттік. Қатты қуандым, ол менің ұлым, әрі шәкіртім. Анасы екеуіміз осылай тәрбиеледік. Анасы екеуімізді үнемі шығарып салып, күтіп алатын", - дейді Хусанжан Курбанов. 

Massaget.kz / Нұрбол Ынтымақұлы

Сонымен қатар, Нариманның анасы Альфия Курбанова да ұлының жеңісіне қатысты пікір білдірді. 

"Ол үйде де, жұмыста да спортты ойлайды. Телефонмен де тек спорт туралы сөйлеседі. Өзім спортқа жақын емеспін. Ол өнер көрсеткен кезде уайымнан көзімді тарс етіп жұмып алдым да, жұдырығымды қысып отырып, "орындап шық" дедім. Бәріне алғысым шексіз, танымайтын адамдар да уайымдап жатты, 80 жастағы әжелердің арасынан да жанкүйер болғандар табылды. Барша халыққа шын жүректен алғыс айтамын", - деді спортшының анасы Альфия Курбанова.


Massaget.kz / Нұрбол Ынтымақұлы

Еске салайық, Нариман Құрбанов Париж Олимпиадасында спорттық гимнастиканың ат снарядындағы жаттығуда күміс жүлдеге қол жеткізді. 

Фото: Massaget.kz / Нұрбол Ынтымақұлы

Қазақстандық Нариман Курбанов жаттығуды ең бірінші болып орындап, 15.433 ұпай алды. Ол базалық қиындығы 6.7-ге тең жаттығуды сәтті орындап шықты. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!