2027 жылы Қазақстанда бес спорт түрінен әлем чемпионаты өтеді

2027 жылы Қазақстанда бокс, дзюдо, таэквондо, үстел теннисі және киберспорттан әлем чемпионаттары ұйымдастырылады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Азия ойындары мен Азия параойындарының жеңімпаздары және жүлдегерлерін марапаттау рәсімінде айтты, деп хабарлайды Massaget.kz.

«Біз спорттың осы әлеуетін толығымен пайдалануымыз қажет. Қазақстан спорт державасы ретіндегі позициясын дәйекті түрде нығайтып, елімізде ең жоғары деңгейдегі жарыстарды ұйымдастырып келеді. 2027 жылы бокс, дзюдо, таэквондо, үстел теннисі және киберспорт секілді танымал спорт түрлерінен әлем чемпионаттарын өткіземіз», – деді Президент.

Сондай-ақ 2027 жылы жасөспірімдер арасында шорт-тректен әлем біріншілігі өтеді. Ал көктемде Астанада УЕФА-ның 51-конгресі ұйымдастырылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізу мемлекеттік органдар мен спорт ұйымдарының үйлесімді жұмысын талап ететінін атап өтті.

«Мұндай ауқымды, жұртшылық назарындағы спорттық іс-шараларды ұйымдастыру салалық министрлік пен федерацияның, жалпы Үкімет пен Ұлттық олимпиада комитетінің бірлесе аянбай жұмыс істеуін талап ететіні түсінікті. Өйткені мұнда Қазақстанның абырой-беделі сынға түседі. Бұл жарыстардың бәрі еліміздің имиджін арттыруға, сондай-ақ әлеуметтік инфрақұрылымды, туризмді, отандық спорт мектебін дамытуға қызмет етеді», – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, биыл Астанада Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) конгресі өтеді.