2026 жылғы ӘЧ-дегі ең танымал қақпашы жаңа клубқа ауыспақ

Кабо-Верде құрамасының "Возинья" лақап атымен танымал қақпашысы Жозимар Жозе Эвора чилилік "Коло-Коло" клубымен келісімшартқа отырады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі инсайдер Фабрицио Романоға сілтеме жасап.

Дереккөздің мәліметінше, Кабо-Верде қақпашының ауысуы туралы ауызша келісімге келген.

Инсайдердің айтуынша, құжаттарға демалыс күндері қол қойылады, содан кейін Возинья медициналық тексеруден өтуге аттанады. Қақпашы Чилидегі мансабының жаңа кезеңіне дайын.

Возинья - 2026 жылғы Әлем чемпионатының ең танымал қақпашысы

Мундиалдағы сәтті өнерінен және Аргентинадан ұтылғаннан кейін 40 жастағы Возинья бельгиялық Тибо Куртуаны басып озып, 2026 жылғы Әлем чемпионатының ең танымал қақпашысы атанды.

Қазір кабо-верделік қақпашының Instagram желісінде 29,5 миллион оқырманы бар.

2026 жылғы Әлем чемпионатының жаңа жұлдызы туралы не белгілі?

Жозимар Жозе Эвора кәсіби мансабын біршама кеш бастаған - Transfermarkt порталында оның алғашқы клубтары 2011 жылы тіркелген, ол кезде қақпашы 25 жаста болатын.

Кеш бастағанына қарамастан, Возинья еуропалық командаларға дейін жетті. Оның алғашқы клубы молдовалық "Зимбру" болды, кейін португалиялық "Жил Висенте", кипрлік АЕЛ және Словакияның "Тренчин" командаларында ойнады.

2024 жылдан бастап қақпашы Португалияның екінші лигасындағы "Шавиш" сапында өнер көрсетті, ал оның трансферлік құны 50 мың еуроға бағаланды. 2026 жылғы 1 шілдеде оның португалиялық клубпен келісімшарты аяқталды.

Әлем чемпионаты аяқталғаннан кейін қақпашының құны 10 есе өсті, қазір ол 500 мың еуроға бағаланып отыр және 40 жастан асқан шағында Чилиден жаңа клуб тапты.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!