Мюнхендік "Бавария" мен Англия футбол құрамасының шабуылшысы Харри Кейн 2026 жылғы "Алтын доп" жүлдесінің иегері атанды, деп хабарлайды Massaget.kz.
Салтанатты марапаттау рәсімі Лондондағы "Палладиум" театрында өтті. Жүлдені екі дүркін әлем чемпионы әрі екі мәрте "Алтын доп" иегері атанған бразилиялық Роналдо табыстады. Харри Кейн бұл марапатқа алғаш рет ие болды.
2025/2026 жылғы маусымда Кейн "Бавария" сапында Германия Суперкубогы мен Кубогын жеңіп, Бундеслига чемпионы атанды. Ал Англия құрамасымен бірге 2026 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдесін иеленді. 2025 жылғы тамыз бен 2026 жылғы шілде аралығында ол "Бавария" мен Англия құрамасы сапында 65 матч өткізіп, 73 гол соқты.
Дауыс беру қорытындысында мадридтік "Реал" мен Франция құрамасының шабуылшысы Килиан Мбаппе екінші орын алды. Үздік үштікті "Барселона" мен Испания құрамасының шабуылшысы Ламин Ямаль түйіндеді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Кейннің жетістіктері
Кейн кейінгі 25 жылда "Алтын допты" иеленген алғашқы ағылшын футболшысы атанды. Бұған дейін, 2001 жылы, бұл марапатты Майкл Оуэн жеңіп алған еді. Сондай-ақ Кейн "Алтын допқа" қол жеткізген Англияның бесінші футболшысы болды. Оған дейін бұл жүлдені Стэнли Мэтьюз, Бобби Чарльтон, Кевин Киган және Майкл Оуэн иеленген.
Сонымен қатар Кейн кейінгі 30 жылда Германия Бундеслигасында өнер көрсетіп жүріп "Алтын доп" алған алғашқы футболшы атанды. Оған дейін әлем футболындағы басты жеке марапатты 1996 жылы Дортмундтың "Боруссиясында" ойнаған Германия құрамасының қорғаушысы Маттиас Заммер иеленген еді.
Бұдан бөлек, Кейн – кейінгі 45 жылда "Алтын допты" жеңіп алған алғашқы "Бавария" ойыншысы. Мюнхендік клуб футболшылары арасынан бұл жүлдені соңғы рет 1981 жылы Карл-Хайнц Румменигге иеленген. Оған дейін Герд Мюллер 1970 жылы, ал Франц Беккенбауэр 1972 және 1976 жылдары жеңімпаз атанған.
Тарихи "Алтын доп"
Әлем футболындағы басты жеке марапат алғаш рет Франциядан тыс жерде табысталды. Рәсімнің Лондонда өтуі кездейсоқ емес: 1956 жылы табысталған алғашқы "Алтын доптың" иегері ағылшын футболшысы Стэнли Мэтьюз болған.
"Алтын допты" Францияның France Football журналы жыл сайын үздік футболшыға табыстайды. Өткен жылы бұл марапатты ПСЖ мен Франция құрамасының шабуылшысы Усман Дембеле иеленген болатын.
О. СансызбайWelcome to the Ballon d'Or family, Harry! #ballondor https://t.co/KpuSk49OmY
— Ballon d'Or (@ballondor) October 26, 2026