26-28 маусым аралығында Қытайдың Циндао қаласында гран-при турнирі өтеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ҰОК-қа сілтеме жасап.
Олимпиада чемпионы Елдос Сметов татамиге қайта оралмақ. Парижде өткен 2024 жылғы Олимпиада ойындарындағы тарихи жеңісінен кейін Қазақстан құрамасының көшбасшысы халықаралық жарыстарға қатыспай, ұзақ уақыт жарақатынан айығып, қалпына келуге ден қойған еді.
ҰОК баспасөз қызметі
Екі жылға жуық үзілістен кейін Олимпиада ойындарының алтын, күміс және қола медальдарының иегері татамиге қайта шығады.
"Тәжірибелі дзюдошы жарысқа оралуға асыққан жоқ. Ол үшін басты міндет толық қалпына келіп, мансабын сапалы түрде жалғастыру болды. Осы уақыт ішінде Елдос бірнеше ота жасатып, ұзақ оңалту кезеңінен өтті. Мұның бәрі жаңа олимпиадалық циклді тың күшпен бастау үшін жасалды. Ал оның басты мақсаты - Олимпиада ойындарының екінші алтын медалін жеңіп алу. Сондықтан Қазақстан құрамасының көшбасшысы спорттық мансабын аяқтауға асығар емес", - деп жазылған хабарламада.
Ол 26 маусымда ірі халықаралық турнирде татамиге шығады. Елдос Сметов өзіне үйреншікті 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынайды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова