Күрес түрлерінен Алматыда өтіп жатқан Азия чемпионатында Қазақстан қоржынына алғашқы алтын медаль түсті. Грек-рим күресінен 63 килоға дейінгі салмақта Сұлтан Әсетұлы топ жарды.
Ересектер қатарына енді өтіп, былтырғы Қазақстан чемпионатында жеңіске жеткен Сұлтан Азия чемпионатында алдына жан салмады. Финалда ирандық Мейсам Далханиді уақытынан бұрын жеңді.
Ирандық балуан бірінші болып 3 ұпай алды. Кейін Сұлтан тік тұрып әдіс жасап, есепте алға шықты. Ал белдесудің екінші жартысында қарсыласының жауырынын жерге тигізіп, кездесуді уақытынан бұрын аяқтады.
Бұл Сұлтан Әсетұлының халықаралық деңгейдегі алғашқы ірі жеңістерінің бірі. Бұған дейін ол Италиядағы рейтингілік турнирде күміс алған болатын.
Бүгін Сұлтаннан өзге 130 кило салмақта Әлімхан Сыздықов та финалға шыққан. Алайда Ираннан келген Алиакбар Юсуфахмадкалиевтен 1:5 есебімен ұтылып, күміс медальды қанағат тұтты. Ал 77 килоға дейінгі салмақта Демеу Жадыраев қола медальға ие болды.