16 жастағы алматылық шахматшы қытайлық әлем чемпионын жеңді

16 жастағы алматылық шахматшы Алуа Нұрманова жаһандық Pro Chess League финалында қазіргі әлем чемпионы қытайлық Цзюй Вэньцзюнді жеңді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Осы арқылы ол өзінің Gotham Knights командасының жеңісін қамтамасыз етті. Алуамен бір командада гроссмейстерлер Хикару Накамура, Владимир Федосеев және Шамсиддин Вохидов өнер көрсетті.

Pro Chess League (PCL) — жүлде қоры 150 000 АҚШ доллары болатын шахмат лигасы. Ол 1 ақпаннан 15 мамырға дейін өтті.

Лиганың негізгі кезеңінде әлемнің түкпір-түкпірінен келген мықты ойыншыларды жинаған 16 команда сайысты. Олардың ішінде Магнус Карлсен, Хикару Накамура, Аниш Гири, Фабиано Каруано, Александр Грищук, Катерина Лахно және басқа да гроссмейстерлер болды.

Алуа сонымен қатар халықаралық гроссмейстерлер Адхибан Баскаран (Үндістан), Николас Теодору (Грекия), Бенджамин Бокпен (Нидерланды) тең түсті.

Алуа — шахматтан Қазақстан әйелдер құрамасының мүшесі. Ол Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, оқушылар арасында әлем чемпионы, кадеттер арасында әлем чемпионы, кадеттер арасында Азия чемпионы.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!