14 жастағы жасөспірім мерт болған: депутат көкпар ойынына қатысты бірқатар шара қабылдауды сұрады

Мәжіліс депутаты Болат Керімбек көкпар ойынын ұйымдастыру кезінде қауіпсіздік талаптары сақталмай жатқанын айтып, шара қабылдауды сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Депутат Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Алматы облыстарында жаппай көкпар кең тарағанын, биыл наурыз-сәуір аралығында 80-нен аса ресми ойын тіркелгенін айтты. Оның пікірінше, бұдан бөлек, ас пен той аясында өткізіліп жатқан бақылаусыз көкпар да аз емес.

"2025 жылдан бастап бұл саланы реттеу бағытында бірқатар шара қабылданып, Жаппай көкпар федерациясының қызметі жанданды. Алайда ортақ ереже сақталмай келеді. Көп жағдайда ойын барысында күш көрсету федерацияның үйлестіру жұмысы әлсіздігін байқатады. Сонымен қатар, қатысушының жас ерекшелігі ескерілмейді, олардың саны да шектелмейді. Кей жағдайда 400-500 адамнан бастап 1500-2000 көкпаршыға дейін қатысатын ойын өтеді. Мұндай жағдайда спорттық тәртіп пен қауіпсіздік талабын сақтау қиын. Көкпар жылқысын баптау мен пайдалану тәртібі де нақты реттелмеген. Атқа күш қолдану, допинг пайдалану, әдейі соқтығысу дерегі жиі кездеседі", - деді ол.

Депутат жуырда болған қайғылы оқиғаға тоқталды.

"26 мамырда Ақмола облысы Целиноград ауданында көкпар жаттығуы кезінде 14 жастағы жасөспірім аттан құлап, ауыр жарақат салдарынан көз жұмды. Алдын ала мәлімет бойынша шара жергілікті тұрғын бастамасымен ресми келісімсіз ұйымдастырылған, қатысушы спорт секциясында тіркелмеген, қауіпсіздік пен жауапкершілік мәселесі ашық күйінде қалған. Қазір бұл дерек бойынша тергеу жүргізіліп жатыр", - деді ол.

Осыған байланысты Болат Керімбек ұйымдастырушы жауапкершілігін нақтылау, медициналық және ветеринарлық талап бойынша бірыңғай стандарт енгізу, рұқсатсыз өткізілетін ойынға бақылауды күшейту маңызды екенін айтып, Үкіметтен осы мәселелерді қарастыруды сұрады.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!