Бокстан 63,5 кило салмақта неге Олимпиада жолдамасы бұйырмады? Бас бапкер жауап берді

Бокстан 63,5 кило салмақта неге Олимпиада жолдамасы бұйырмады? Бас бапкер жауап берді
Фото: olympic.kz

Бокстан париж Олимпиадасына Қазақстанның ерлер құрамасы жеті жолдаманың алтауын алып үлгерді. Италияда өткен соңғы турнирде 63,5 келіде Мұхамедсабыр Базарбайұлы екінші айналымда жеңіліп, жолдамасыз қалды. Бас жаттықтырушы Мырзағали Айтжанов Olympic.kz порталына берген сұхбатында осы салмақта Тайландта өтетін соңғы лицензиялық жарысқа кім баратыны жайлы және Италияда Мұхамедсабырға неге жолдама бұйырмағаны туралы ойын айтты. 

«63,5 келіде сынға түскен Мұхаммедсабыр Базарбайұлына тек қана тәжірибе жетіспеді. Тәжірибенің аздығынан ғана ұтылды. Ал ынтасы, күш-жігері, жеңіске деген құштарлығы зор болды деп сеніммен айтамын. Асығыстық танытқан жерлері бар. Аталған жекпе-жекте қалайда жеңіске жетемін деген оймен, қателікке бой алдырғаны да рас. Бірақ сол кездесуде біздің боксшы жеңілді дей алмаймын. Жеңіс бұйырмай тұр екен. Таиландта өтетін соңғы лицензиялық турнирге бұл салмақтан кім баратыны белгісіз. Әлі де іріктейміз. Ең мықтысын ғана жарысқа қосамыз.», - деді бапкер.

Қазіргі таңда спорт журналистері Дулат Бекбауовты 63,5 келіге ауыстырып, лицензиялық турнирлерге апару керектігін жиі жазуда. Бапкердің бұған қатысты да айтары бар.

«Қазір журналистер мен блогерлер 67 келідегі боксшымыз Дулат Бекбауовты лицензиядық жарысқа апару керектігін айтып жатыр екен. Біріншіден, Дулаттың жеке бапкері осы салмаққа ауысатыны жайлы бір ауыз сөз айтқан емес. Екіншіден, бәрін журналистер мен блогерлер шешетін болса, біз ұлттық құрамада не істеп жүрміз? Үшіншіден, Дулат Бекбауов ұлттық құрама мүшесі. Егер 63,5 келіге ауысатын ойы болса, бізге келіп айтуы керек, жарыстарға осы салмақта қатысуы керек.. Егер мұндай ниеттері болса, құрама бапкерлеріне айтуы тиіс. Содан соң, біз осы салмақтағы боксшылармен жұдырықтастырып, бәрін бағамдаймыз. Дулат пен бапкері маған бұл ойы туралы айтқан жоқ.  Ұлттық құрама мүшесі, егер салмақ ауыстыратын болса, тікелей келіп ақылдасуына еш кедергі жоқ. Ал жарысқа екі ай қалғанда мұндай әңгіме айту ойға  қонбайды», - деді бапкер. 

Сондай-ақ бас жаттықтырушы Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті, даңқты боксшы Геннадий Головкиннің Италияға арнайы келіп, қолдау көрсеткеніне ризашылығын білдірді. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

О. Сансызбай