Қазақстандық дзюдошы Париждегі Grand Slam жарысының қола жүлдегері атанды

Қазақстандық дзюдошы Париждегі Grand Slam жарысының қола жүлдегері атанды
Фото: Kazakhstan Judo Federation

Қазақ дзюдошысы Нұрлыхан Шархан Парижде өткен Grand Slam жарысының қола жүлдесіне ие болды. Ол 100 килоға дейінгі салмақта үздік үштікке ене білді.

Нұрлыхан Шархан іріктеу кезеңінде қарсылас шақ келтірмей, өз тобынан үздік шықты. Ол алғашқы айналымда Натаниэль Киваны (АҚШ), одан кейін әлем рейтингінің үшінші орнында тұрған Нидерланды спортшысы Майкл Коррелді ұтты. Ширек финалда Александр Куколды (Сербия) қосымша уақытта вазари ұпайымен ұтып, жартылай финалға шықты.

Жартылай финалда екі дүркін әлем чемпионы испаниялық Николоз Шеразадишвилимен кездесіп, қарсыласына есе жіберіп алды. Қола медаль үшін өткен белдесуде Айх Даниэльден (Швейцария) айласын асырды.

Айта кетейік, Парижде өткен Grand Slam жарысына әлемнің 107 елінен 621 дзюдошы қатысты. Жарыс жеңімпазына әлемдік рейтингте 1000 ұпай, ІІ орынға – 700, ал ІІІ орынға 500 ұпайдан қосылады. 

Қазақстаннан барған 14 дзюдошы арасынан Нұрлыхан Шархан ғана жүлделі орыннан көрінді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

О. Сансызбай