Яя Туре әлемдегі "кемел жартылай қорғаушы"

"Манчестер Ситидің" ивуарлық жартылай қорғаушысы Яя Туре Италияда «Болоньяның» әйгілі футболшысы Джакомо Булгареллидің атындағы сыйлыққа лайықталды, деп жазады Tuttomercatoweb.com.

Азулы ағылшын клубының ойыншысы жуырда ғана Африканың ең үздік футболшысы деп танылған болатын. 

Кеш барысында отыз жастағы Туре "Кемел жартылай қорғаушы" сыйлығына лайықталды. Сонымен бірге, "1995-2005 - он жылдықтың ең үздік аяқ допшысы", "1995-2005 - он жылдықтың ең үздік бапкері" аталымдарында да сыйлық иелері анықталды. Чехия құрамасы мен "Ювентустың" жартылай қорғаушысы Павел Недвед және италияндық жаттықтырушы Марчелло Липпи арнаулы сыйлықтарға ие болды. 

Естеріңізге сала өтсек, ертеректе Туре «Норвичтің» нидерландық шабуылшысы Рикки ван Вольфсвинкельді ұрғаны үшін айыпталған еді. Дегенмен, соңғы ақпараттарға сенсек, Яя Туре айыпталудан толыққанды құтылған көрінеді.

 

Дайындаған: Әкежан Дәкен

Сурет: eurosport.ru; ronaldo7.net