- Негізгі бет
- Сочи-2014
- Сүйінші! Қоржынға қола...
Сүйінші! Қоржынға қола түсті!
Сочи ХХІІ қысқы Олимпиада ойындарындағы ерлер арасында мәнерлеп сырғанаудан еркін бағдарлама сайысы мәресіне жетті. Кеше өткен қысқа бағдарлама ұпайымен қоса есептегенде жерлесіміз Денис Тен үшінші орынға тұрақтады. Ол барлығы 255.10 ұпай жинады. Ал осы сында ел намысын қорғаған екінші спортшымыз Абзал Рақымғалиев қорытынды есепте 174.40 ұпаймен 22-ші орынды қанағат тұтты.
Қос бағдарлама қорытындысы бойынша Олимпиада чемпионы болып жапондық мәнерлеп сырғанаушы Юдзуру Ханю танылды. Қысқа және еркін бағдарлама ұпайларын қосқанда барлығы 280.09 ұпай жинады. Күміс алқа 2011-2013 жылғы Әлем чемпионы канадалық спортшы Патрик Чан мойнына тағылса, қоланы жерлесіміз сенімді түрде иеленді!
Денис Тен өзінің еркін бағдарламасын мүлтіксіз орындап шықты. Тек бір рет қана секіру сәтінде ғана аздап қателікке бой алдырды. Төрешілер жерлесімізді 171,04 ұпаймен бағалады. Бұл ол шыққанға дейін өнер көрсеткен спортшылар қатарындағы үздік нәтиже болды. Ал қазақстандық мәнерлеп сырғанаушының кешегі қысқа бағдарламадағы көрсеткішінің сәл төмендеу болғаны жанкүйерлердің көңіліне аздап қаяу түсірген-ді. Дегенмен үмітімізді үзбегенбіз.
Алғашқы бағдарлама бойынша испандық Хавьер Фернандес сәтсіз өнер көрсеткеннен кейін, медальдың бір ұшы көріне бастады. Ал француз Бриан Жубер мен жапон Тацуки Матиду Денистен аз ұпай алғанда, қола жүлденің ауылы алыс емес екені байқалды. Соңғы болып қалған екі мәнерлеп сырғанаушы неміс Питер Либерс пен американдық Джейсон Браун да мұз айдынды бір жамбастап алды. Ол түгіл бүгінгі еркін бағдарлама қорытындысы бойынша Олимпиада чемпионы атанған жапон Юдзуру Ханю мен күміс жүлдегер Патрик Чанның өзі бірнеше рет айдынды сүйемелдеп тұруына мәжбүр болды. Ал өз кезегінде тамаша өнер көрсеткен Денис Тен ел мәнерлеп сырғанау спортындағы тұңғыш жүлдені жеңіп алды.
Ендігі кезекте суреттерді сөйлетейік:
Қысқа бағдарламада бақ сынау сәті
Еркін бағдарлама сәтінде
Гүл шоқтарымен марапаттау сәті
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: vesti.kz
О. Сансызбай