Сочиге Қазақстан қандай киім үлгісімен баратын болды? (Видео)

Сочиде өтетін қысқы Олимпиада ойындарына қатысатын Қазақстан құрамасының спорттық киім үлгілері белгілі болды. Бұл туралы vesti.kz сайты хабарлап отыр.

"КазСПО-N" компаниясы ұсынған ерекше үлгідегі спорттық киім үлгілері Қазақстан спорт және дене шынықтыру агентігінің қолдауына ие болған. Аталған ұйым директоры Елена Свечникованың айтуынша, телефон арқылы жеткен қуанышты хабар әлі қағаз жүзінде іске аспаса да тігіншілер жұмысын бастап кетіпті.

Сочиде бақ сынайтын Қазақстан құрамасының спорттық киімдерін көркемдеуге тек дизайнерлер ғана емес, тарихшылар да ат салысыпты. Онда еліміздің Туы және Елтаңбасымен қатар, Тамғалы тас жазулары да бейнеленген. Көшпенділердің басты символы болып саналатын – тұмар мен шаңырақ бейнесі де ерекше өрнектелген. Тұмар – көз тиюден сақтайды десе, шаңырақ – жеңісті жолымызды даңғыл етеді деген сеніммен бейнеленіп отыр. Сонымен қатар, қазақы ою-өрнектер және «Алтын Адам» бейнесі де тыс қалмаған. Аяқ шұлығынан бастап, сыртқы қалың киімге дейін барлығы 19 әр түрлі танымбелгілер мен нышандар әшекейленіп көркемделген. "КазСПО-N" компаниясы ұсынған дүние авторларының айтуынша, дәл осындай дизайнда жасалған спорттық киім үлгілері спортшыларымызға айрықша күш пен өр рух сыйлайды.

Әзірге бұл спорттық киімдердің толық жиынтығының құны 500-600 мың теңгеден кем түспейтін көрінеді. Ал осыдан төрт жыл бұрынғы Ванкувер Олимпиадасының спорттық киімдері 370 000 теңгеге бағаланған еді.

writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/rSCc_4Ubpgk#t","width":"450","height":"338"});

Естеріңізге сала кетсек, Сочиде өтетін Қысқы Олимпиада ойындары 2014 жылдың 7-23 ақпан аралығында өтеді. Алтын жүлдеге қол жеткізіп, чемпион болған спортшыға мемлекет жазғы спорт түрлеріндегідей 250 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы тағайындап отыр. Сонымен қатар, 20 үздік ұлттық құраманың қатарына енуге талап қойылды.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: vesti.kz

Видео: TengrinewsTV