Сочидің басты спорт нысандары

Сочидің басты спорт нысандары

Енді төрт күннен кейін төрткүл дүние төрт жыл күткен Сочи қысқы Олимпиада ойындары да басталады. Әлемнің 80-нен астам елінің спортшылары бақ сынайтын додада жерлестеріміз де бар. Қазіргі таңда Қап тауының батысы мен Қара теңіздің жағалауында орналасқан қала спортшылардың алғашқы легін қабылдап та үлгерді. Бүгін біз сіздерге ақ Олимпиаданың басты спорт нысандарын таныстырамыз.

Алдымен Сочи қаласы туралы... 


Сочи – Ресейдің Краснодар аймағына енетін Еуропадағы ең ұзын қалалардың бірі. Негізі 1838 жылы қаланған. Шепси өзені мен Абхазия республикасының шекарасына дейінгі жағалауды алып жатқан қаланың ұзындығы 105 шақырымды құрайды. Ресейдегі басты шипажайлы қалалар санатына жатады. Көктемі қысқа болып келетін көрікті мекен 2007 жылы Гватемалада өткен Халықаралық Олимпиада Комитетінің кезекті отырысынан кейін, 2014 жылғы қысқы Олимпиаданы қабылдайтын болып шешілген. Сол күннен бастап дайындық та қызу басталып кеткен-ді. Спорттың 15 түрінен өтетін аламанды 11 спорт кешені қабылдайтын болды. Оның алтауы теңіз жағалауында орналасса, 5 спорт нысаны тауда орын тепкен.

«Фишт» стадионы


2007 жылдан бері кірпіші қаланып салынған «Фишт» стадионының құрылыс жұмыстарына 778,7 миллион АҚШ доллары жұмсалыпты. Бұл кешенде доданың ашылу және жабылу салтанаты мен марапаттау рәсімдері өтеді. Сонымен қатар, Халықаралық бенди қауымдастығы стадионда екі көрсетілім ойындарын өткізуді жоспарлауда. 40 мың жанкүйерді бір мезетте қабылдай алатын стадионның аты сол маңдағы биіктігі 2868 метрді құрайтын Фишт шыңының құрметіне қойылыпты. Адыгей тілінен аударғанда «ақ бас» деген мағынаны білдіреді екен. Сондай-ақ, «Фишт» спорт кешеніне қысқы Олимпиада ойындары аяқталғаннан кейін 45 мың жанкүйер сыярлықтай қалыпқа түсу үшін құрылыс жұмыстарын қайта жүргізіп, 2018 жылғы футболдан Әлем чемпионатын қабылдауға да жағдай жасамақшы.

«Айсберг» мұз сарайы


Олимпиада барысында бұл кешенде мәнерлеп сырғанау мен шорт-трек ойындарының сайыстары өтеді. 12 мың орынға арналған кешеннің құрылыс жұмыстары 2009 жылы басталып, 2012 жылы аяқталған. Одан кейінгі аралықта, 2012-2013 жылғы мәнерлеп сырғанаудан Гран-при жарысының финалы мен шорт-тректен Ресей біріншілігі өткен.

Олимпиада ойындарынан кейін спорт нысанын қайта қалыпқа келтіріп, велотрек кешеніне айналдыруы мүмкін деген ақпараттар да бар. Әлі толыққанды шешіле қоймаған.

Үлкен мұз спорты кешені


300 миллион АҚШ доллары жұмсалған кешенге 12 мың жанкүйер бір мезетте жайғаса алады. Олимпиадада бұл кешенде хоккей ойындары өтеді. Ал дүбірлі додадан кейін кейін сарай спорт және мерекелік іс-шара аренасы ретінде ел игілігіне қызмет етпек.

«Адлер-Арена» спорт кешені


201-2012 жылдары салынған спорт кешені Сочидың Адлер ауданында орналасқан. Құрылыс жұмыстарына 32,8 миллион АҚШ доллары жұмсалған. Осыған дейін бірнеше байрақты бәсеке өткен. Олардың қатарында коньки спортынан өткен Әлем чемпионаты да бар. Дәл сол сында жерлесіміз Денис Кузин Әлем чемпионы атанған болатын. Сондықтан бұл кешен спортшымызға жақсы таныс десек болады.

Екі жарыс жолынан тұратын «Адлер-Аренаға» бір мезетте 8000 жанкүйер қонақ бола алады. Ал Олимпиададан кейін ірі көрме орталығына айналады деп жоспарлануда.

«Шайба» мұз кешені


Бұл Сочи Олимпиадасының хоккейден кездесулер өткізетін екінші мұз айдыны. 7000 жанкүйерге арналған кешен құрылысына 35,5 миллион АҚШ доллары жұмсалған. 2013 жылы қолдануға берілген спорт кешенінде жарыстар да ұйымдастырылып үлгерген. Ал Олимпиада ойындарынан кейін «Шайба» спорт аренасының қандай мақсатта пайдаланылатыны белгісіз қалып отыр.

«Мұз куб» керлинг орталығы


Сочидың тағы бір теңіз жағалауында орналасқан спорт кешені - «Мұз куб» керлинг орталығы. Аты айтып тұрғандай ақ Олимпиадада бұл кешенде керлинг спортынан сайыстар өтеді. Кешен 4 қабаттан тұрады. 3000 орынға арнап салынған. Ал Олимпиада ойындарынан кейін «Мұз кубы» көпсалалы спорттық-ойын сауық орталығы ретінде қайта жабдықталмақ. Ал бір ақпараттар бойынша, спорт нысаны Мәскеуге көшірілуі мүмкін.

«Лаура» шаңғы-биатлон кешені


Псехако жотасында орналасқан «Лаура» шаңғы-биатлон кешені бір мезетте 7500 жанкүйерді қабылдай алады. Сочи қаласынан 90 шақырым қашықтықта орналасқан спорт жарысы өтетін аумақ теңіз деңгейінен 850-1430 метр биіктікте орналасқан. Ал жанкүйерлер жарыс өтетін жерге аспалы жол арқылы жеткізіледі.

Халықаралық шаңғы қауымдастығының талаптарына сай жасалған жарыс өтетін аумақ 5 шақырымды құрайтын екі айналымнан тұрады. Жарыстың барысына байланысты қашықтықтарды қысқартуға ыңғайлы жасалған. Шаңғы жолы жотаның батысына қарай төмен орналасқандықтан, жанкүйерлер спортшылардың әрбір қимылын анық бағдарлауға мүмкіндіктері бар. Нағыз тартысты сәттер осы спорт кешені аумағында орын алғалы отыр.

«Роза Хутор» тау шаңғысы шипажайы


Сочиден 40 шақырым қашықтықта орналасқан спорт нысаны 2010 жылы ашылған. Кешеннің құрылысына 176,5 миллион АҚШ доллары жұмсалған. Мұнда тау шаңғысы, биатлон және қоссайыс спорты түрлерінен тартыстар өтеді.

«Русские горки» шаңғымен тұғырдан секіру кешені


Бір мезетте 7500 жанкүйерді қабылдай алатын шаңғымен тұғырдан секіру кешені Аибга жотасының солтүстік баурайында орналасқан. Биік тұғыр мамандардың арнайы таңдауымен екі жотаның түйіскен жеріне салынған. Бұл спортшыларға желдің әсері тимеу үшін жақсы ойластырылған. Ал ақ Олимпиададан кейін «Русские горки» ел құрамасының оқу-жаттығу жиындарын өткізетін кешеніне айналмақ.

Шана спорты орталығы


Бұл кешенде бобслей, скелетон және шана спорты бойынша сайыстар өтеді. Кешен Сочиден 60 шақырым қашықтықтағы «Альпика-Сервис» курортында орналасқан. Мұндағы шана жолы әлемдегі бірден-бір нысандардың бірі болып саналуда. Жолдың жалпы ұзындығы 1814 метрді құрайды екен. Бұл кешен де Олимпиада аяқталғаннан кейін ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиындарын өткізетін мекенге айналмақ. Кешен 5000 жанкүйерді қабылдай алады.

 «Роза Хутор» экстрим паркі


«Роза Хутор» экстрим паркінде орналасқан бұл кешен сноуборд, фристайл спорт түрлерінің сайыстарын қабылдайды.

Міне, жоғарыда таныстырған 11 спорт кешенінде ақ Олимпиада жүлделері сарапқа салынатын болады. Сонымен қатар, 7-16 наурыз аралығында  осы спорт нысандарында Паралимпиада ойындары өтеді.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: sochi2014.com

О. Сансызбай