Сочи - 2014. Ресей құрамасы қос медаль еншіледі

Мәнерлеп сырғанаудан командалық сайыста Ресей құрамасы Юлия Липницкой көрсеткішінен кейін алтын медальға қол жеткізді. Ал шана спорты сайысында бақ сынаған Альберт Демченко күмісті жарыс қожайындарының қоржынына салды.

15 жастағы Юлия Липницкая Сочи Олимпиадасындағы ең жас жеңімпаз саналуда. Ол жаңа ғана 141,5 ұпай жинап, қарсыластарын шаң қаптырып кетті. Екінші ұпай көрсеткіші америкалық Грейс Голдқа тиесілі болса, үштікті италияндық қыз Валентина Маркеи қорытындылады.

Командалық сайыста Ресей құрамасына алтын жүлдені Евгений Плющенко, Юлия Липницкая, спорттық жұпта Татьяна Волосожар/Максим Траньков және Ксения Столбова/Федор Климов, би сайысы жұбында Екатерина Боброва/Дмитрий Соловьев және Елена Ильиных/Никита Кацалапов алып келді.

Шана спортындағы жекелей сында неміс Феликс Лох Олимпиада алтынын жеңіп алды. Күміс ресейлік спортшы Альберт Демченкоға тиесілі болса, қола италиялық Армин Цогеллерге бұйырды.

Автор: Өмірбек Сансызбай

Сурет:eurosport.ru