Ресейлік әйгілі мәнерлеп сырғанаушы Евгений Плющенко жекелей сындағы дода алдында дайындығын пысықтау сәтінде жарақат алып, жарысты жалғастыра алмады. Жарыс қожайындары жүлде күткен спортшы басты фавориттердің бірі еді.
Ресей ішкі біріншілігінде 18 жастағы Максим Ковтуннан кейін екінші орын алып қалған Евгений Плющенко Сочи Олимпиадасында тек командалық сында өнер көрсететін болған. Алайда соңғы сәтте тәжірибелі спортшының өзі жекелей сында бақ сынайтын болып шешілген-ді. Десе де бұрынғы ауыр жарақатынан жаңа айыққан Евгенийге ХХІІ Олимпиаданың жүлдесі бұйыра қоймады.
Жаңа ғана Евгений баспасөз құралдарына мәлімдеме жасап, өзінің үлкен спортпен қош айтысатынын жеткізді.
- Мен спорттық мансабымды аяқтадым. Жасым да келді. 12 рет ота жасату оңай емес - деді.
Дәл қазіргі уақытта Сочи мұз айдынында ел намысын мәнерлеп сырғанаудан қорғап жатқан Абзал Рақымғалиев қысқа бағдарлама қорытындысы бойынша 64.18 ұпай жинап, еркін бағдарлама кезеңіне сүрінбей өтті. Ал ел сенім артқан Денис Тен санаулы минуттардан кейін өз өнерін көрсететін болады.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: kleo.ru